НАРАЗЫЛЫҚТЫҢ ТӨРТІНШІ КҮНІ
2 желтоқсанға қараған түні Тбилисидің орталығындағы Руставели алаңында наразылық танытып тұрған адамдарға полиция жас ағызатын газ бен су шашты.
Демонстранттар полицияға қарсы петарда ұшырып, Руставели және Костава даңғылын жауып тастады. Таңға жуық полиция шеруде тұрғандарды орталық алаңнан тықсырып шығарды.
Наразылық акциясына қатысушылардың бір бөлігі Ваке ауданына қарай ығысып, сол жердегі автокөлік жолын жауып, шеруді жалғастырмақшы болды. Өкшелей қуған полицейлер демонстранттардың кейбірін алаң маңынан және метро бекеті тұсынан ұстап әкеткен. Кейбір деректер бойынша, барлығы 224 адам ұсталған, шеру болып жатқан жерден 37 адам емдеу мекемесіне жеткізілген.
Оқиға болған жерден түсірілген видеолар әлеуметтік желіде тарады. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері парламент аумағынан наразыларға тас лақтырды деп хабарлады "Эхо Кавказа" сайты.
КОНСТИТУЦИЯДА БЕКІТІЛГЕН БАҒДАР
Грузия үкіметінің Еуропа одағына қосылу жөніндегі келіссөзді тоқтата тұру жайлы шешімі елде биыл күзде өткен даулы парламент сайлауынан соң басталған наразылық отына май құйғандай әсер етті.
Грузия Конституциясының 78-бабында "Конституциялық органдар өз өкілеттіктері шегінде Грузияның Еуропа Одағына және Солтүстік Атлантикалық Шарт ұйымына толық интеграциялануын қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қабылдасын" деп жазылған.
Грузия сыртқы істер министрлігінің 200-ге жуық қызметкері "Грузин арманы" басқаратын үкіметтің Еуроодақпен интеграция келіссөзін тоқтата тұру туралы шешіміне келіспейтінін мәлімдеген, бірнеше дипломат наразылығын білдіріп қызметтен кеткен. Қорғаныс министрлігі, білім министрлігі, Ұлттық банк пен Тбилиси мэриясының өкілдері Грузияның Еуропаға бағдар ұстануын қолдайтынын айтқан.
Елдегі бірқатар қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік органдар, оқу орындары және басқа да ұйым-мекемелерде жұрт үкіметтің шешімін сынға алып, мемлекеттің негізгі заңында белгіленген бағдар – Еуропа бағытынан айнымауды талап еткен.
Тбилисиде парламент үйінің алдына шығып, бейбіт түрде наразылық білдірген адамдарды полиция қатыгездік танытып, жосықсыз ұрып-соққаны жайлы айғақтар тарағаннан кейін шерушілер қатары бұрынғыдан да көбейіп, наразылық ауқымы кеңейе түсті. Үкіметке қарсылық акциясы төртінші күн жалғасып жатыр.
Жексенбі түнде полиция резеңке оқ қолданған болуы мүмкін. Мұндай сәт Азаттықтың Грузин қызметі түсірген видеолардан байқалады.
Тбилисиге қоса Батуми, Кутаиси, Поти және басқа да ірі қалаларда халық билікке наразылық білдіріп, Грузия Еуропаға бет түзеген бағдарынан таймасын деген талап қойып отыр. Оған қоса даулы парламент сайлауы қайта өтсін, үкімет қызметтен кетсін деген талаптар айтылды.
"ГРУЗИН АРМАНЫ" ҚАЙДА БЕТБҰРЫС ЖАСАМАҚ?
Грузия үкіметі 28 қарашада Еуроодаққа қосылу туралы келіссөзді 4 жыл мерзімге тоқтата тұруды ұйғарғанын хабарлаған. Бұл жаңалық Еуропарламент осы елдегі парламент сайлауы қорытындысын мойындамау туралы қарар қабылдағаннан кейін көпшілікке айтылды.
Бұдан соң көп ұзамай Вашингтон Грузиямен стратегиялық серіктестігін тоқтата тұруды ұйғарғанын АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Мэтью Миллер хабарлады. Оның сөзінше, "Грузин арманы" билеуші партиясының Еуроодақпен интеграция процесін тоқтата тұру жайлы шешім қабылдағанына АҚШ пен Еуроодақ қынжылыс білдіреді.
"Біз Конституциясына опасыздық жасауға әділетті түрде қарсылық білдіріп шыққан грузиндерге шектен асыра күш қолдануды айыптаймыз – Еуроодақ Кремльге қарсы қорған. Сондықтан біз Грузиямен стратегиялық серіктестігімізді тоқтата тұрамыз", – деді Миллер.
АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі "Грузин арманы" партиясының іс-әрекетін антидемократиялық деп атап, ол партияны АҚШ пен Грузия арасындағы стратегиялық серіктестіктің негізгі принциптерін бұзды деп сынға алды.
Миллер Грузия үкіметін Еуроатлантикалық бағытқа оралуға, парламент сайлауы кезіндегі барлық заңсыздықтарға ашық тексеру жүргізіп, ой-пікір еркіндігі мен жиын бостандығын шектейтін антидемократиялық заңдардың күшін жоюға үндеді.
ЗУРАБИШВИЛИ: ПРЕЗИДЕНТТІ ЗАҢДЫ ПАРЛАМЕНТ ҚАНА САЙЛАЙДЫ
Наразылықтарды қолдаған ел президенті Саломе Зурабишвилидің резиденциясында оппозиция мен азаматтық сектордың консультациясы өтті. Кейін ол Еуроодақ басшылығымен байланысқа шықты.
Зурабишвили "Конституциялық сотқа қысым жасауды" жоспарлап отырғанын айтты. Ол бұған дейін 26 қазандағы парламент сайлауының ресми қорытындысының күшін жою туралы арыз берген. Зурабишвили сайлауды қайта өткізу керек деп біледі.
Ал Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе жаңадан сайлау өткізу мәселесі қарастырылмайды деп мәлімдеді.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, парламент сайлауында жеңіске жеткен биліктегі "Грузин арманы" партиясы бұған дейін президент қызметіне бұрынғы футболшы Михаил Кавелашвилиді ұсынған. Елде президент сайлауы 14 желтоқсанда өтеді деп жоспарланған. Президент сайлау алғаш рет жаңа жүйе бойынша өтпекші – мемлекет басшысын сайлаушылар алқасы таңдамақ.
Оппозиция сайлаушылар алқасының болашақ жиналысына бойкот жариялаған. "Грузин арманы" партиясы парламентте басымдыққа ие, сондықтан да сайлаушылар алқасының кімге дауыс беретіні іс жүзінде белгілі.
Қазіргі президент Саломе Зурабишвилидің өкілеті заң бойынша 16 желтоқсанда аяқталуы тиіс. Бірақ ол қазіргі парламент заңды сайланған жоқ деген ұстанымда.
"Менің мандатым заңды парламент пайда болғанға дейін күшінде болады", - деді Зурабишвили.
Грузияның мемлекеттік қауіпсіздік қызметі наразылық акциясын "билікті күшпен басып алу талпынысы" деп бағалады. "Грузияның конституциялық құрылымын өзгерту мақсатында сөз байланысты немесе төңкеріс жасау" бабы бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Премьер-министр Ираклий Кобахидзе Грузиядағы наразылыққа Еуропа саясаткерлері мен "бесінші колоннаны" айыптады. "Бесінші колонна" деп премьер қазан айындағы сайлауда парламентке өткенімен, оның ресми қорытындысын мойындамаған төрт оппозициялық партияны меңзеп отыр.
ПІКІРЛЕР