Accessibility links
Skip to main content
Skip to main Navigation
Skip to Search
Жаңалықтар
Саясат
AzattyqTV
Қаңтар оқиғасы
Адам құқықтары
Әлеумет
Әлем
Арнайы жобалар
Русский
Жазылыңыз
Басқа тілдерде
İздеу
РУС
Live
Live
İздеу
Бұған дейінгі
Келесі
Шұғыл хабар:
ФОТОРЕПОРТАЖ
Өзбекстандық қазақ жастары
24 наурыз 2016 жыл, 11:48
Умида АХМЕДОВА
Азаттықтың фото тілшісінің кезекті галереясы Ташкент облысындағы қилы-қилы тағдырлы һәм кәсіпті төрт қазақ жасының бейнесін, мінезін, арманы мен болашақ туралы ойларын суреттейді.
1
24 жастағы Айбол Ташкенттен 30 шақырымдай жердегі Шыршық қаласындағы медицина колледжін бітірген. Азаттық тілшісі кездескен күні ол Бостандық ауданындағы Жаңа ауыл елді мекеніндегі жедел жәрдем станциясында кезекші екен. Мына суретте Айбол ауылдың бір кішкентай ұлына укол салмақшы болып тұр.
2
Айбол үйленген, екі кішкентай баласы бар. Жалақысы жақсырақ болғаны үшін Табақсайдағы санаторийге орналасқысы келеді. Сол үшін массаж курсын оқи бастапты.
3
Айболдың жедел жәрдем қызметкері ретінде күндіз сирек түсетін шақыруға шыққан беті.
4
19 жастағы Наргиза Құлдасова - үйінің кенжесі. Ташкенттегі бір белгілі медицина колледжін бітірген. Қазір стамотология кабинетінде жұмыс істеп жүр. Медицина саласын шешесінің қалауы бойынша таңдаса да, кейін бұл мамандықты жақсы көріп кеткенін айтады. Жуырда медицина университетіне түспекші.
5
Наргиза жүргізуші куәлігін алу үшін курс оқып жүр. "Сәуірдің 12-сі күні куәлігім қолыма тиеді. Папам өзінің Chevrolet Cobalt-ін бермекші" дейді ол қуанышты кейіппен.
6
"Қазақстанға кетер ме едің?" деген сұрағыма Наргиза: "Оқуға барар едім, бірақ тұрмас едім. Ташкентім ұнайды" деп жауап қайырды.
7
31 жастағы Әлібек Қабдурахманов Ташкент консерваториясының магистратурасын "ұрмалы аспаптар" мамандығы бойынша үздік бітіргесін дирижерлік кәсіпті таңдаған. Бір жыл бұрын Ұлттық симфониялық оркестрдің дирижері болып тағайындалған. "Неге дирижер болғың келді"? деп сұрасам: "Музыканттарды жақсы көрем, сосын бойымда жетекші болуға деген ынта бар" деп күлді. Әлібек музыканттарды тыңдай білетін, ести алатын адамдардың аз екенін айтады.
8
Әлібек өзбектің ұлттық аспаптарын жақсы көретінін айтады. "Отырықшы халықтардың музыкасы сарай үшін жазылды ғой. Сонда да интеллектуалдық мазмұны терең, бірден түсіну қиын" дейді ол. Жас дирижер "шашмақам" жанрын ерекше ұнатады. "Бізге музыканы сақтап, дамыту үшін ешкім жағдай жасап бере қоймайды. Бәрін өзіміз жасауымыз керек" дейді Әлібек. "Астанаға кетер ме едің? Ол жақта музыканттардың табысы жақсы ғой" деген сөзге дирижер: "Түсінем, бірақ бәрін ақшамен өлшеуге келмейді. Өзбекстанды, Ташкентті, музыканттарымды жақсы көрем" деп жауап берді.
9
Тілші суретке түсіріп жатқанда Әлібектің алды адамнан босамады. Музыканттардың оны жас болса да сыйлайтыны, көп кеңес сұрайтыны байқалады.
10
"Әке-шешем музыкадан алыс адамдар болса да, Әлібек Дінішевтің құрметіне атымды Әлібек деп қойыпты. Бәлкім осы факт те музыкант болуыма әсер еткен шығар" дейді дирижер.
11
Ташкент түбіндегі Абайда туған 26 жастағы Перизатты күйеуі Қызыл Суға алып қашқан. Дәстүрлі отбасындағы келін ретінде көп сөйлемейтін Перизаттың орнына тілші қойған сұрақтарға Анар апа атты туысқаны жауап беріп отырды.
12
"Келіндеріңіздің бәрі Өзбекстаннан екен. Қазақстаннан қыз табылмады ма?" деген сауалға Анар апа: "Ойбүу, Қазақстанның қалың малы қымбат қой" деді.
13
Осы өңірдегі басқа да келіндер сияқты Перизат үнсіз-түнсіз үй шаруасын атқарып жүреді. Консеравтивтік ортадағы түсінік бойынша жоғары білім алмаса да, күйеуге шыққан әйелдің мәртебесі жоғары саналады.
14
Қазақстанға көшу жоспары туралы сұрағанда Перизат үшін жауап берген Анар апа: "Қайдағы Қазақстан. Бұның күйеуі Нұрбек - үйдің жалғыз ұлы. Ол жаққа бару үшін бір негіз керек. Әуелі ағайындылардың бірі барып, орнығып алған соң қалған туыстарын тартып әкетеді. Нұрбек жалғыз ғой" деді.
Умида АХМЕДОВА
Жазылыңыз
Өзбекстандық қазақ жастары
XS
SM
MD
LG