Алматы соты үш белсендіні "бейбіт митинг заңын бұзды" деп жазалады

Ноян Рақымжанов сот алдында тұр. Алматы, 10 желтоқсан, 2019 жыл.

Ноян Рақымжанов сот алдында тұр. Алматы, 10 желтоқсан, 2019 жыл.

10 желтоқсанда Алматы қалалық ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соты үш белсендіні Әкімшілік кодекстің "Бейбіт митинг өткізу ережесін бұзу" бабы бойынша айыпты деп тапты. Сот шешіміне сай, Асхат Жексебаев 15 тәулікке, Ноян Рақымжанов 13 тәулікке қамалды.

Ал Бақдәулет Әлібековке 20 айлық есептік көрсеткіш (50 мың теңге, шамамен 130 доллар) көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Азаттыққа сотқа қатысқан белсенді Қанат Жақыпов пен адвокат Жанар Балғабаева айтты.

Рақымжанов бұған дейін 26 қарашада Алматыдағы Франция консулдығы алдына "Қазақстандағы саяси тұтқындарға бостандық берілсін!" деген талаппен "рұқсат етілмеген" акцияға шыққан.

Ал Жексебаев 5 желтоқсан күні Тәуелсіздік монументі алдында бір адамдық пикет өткізген. Әлібеков сол пикеттен әлеуметтік желіге тікелей эфирге шығып, "16 желтоқсан - Асхат Жексебаевтың туған күні, сол күні бәріміз осы алаңға жиналайық" деген. Полиция Әлібековтің желідегі тікелей эфирін "заңсыз митингіге шақыру" деп санаған.

Үш белсенді осы әрекеттері үшін сотталды.