Желтоқсан оқиғасына қатысқандар бүгінгі билікті түрліше бағалайды

  • Әлия АХМЕДИЕВА
Сағындық Жұмаділов, Алматы облыстық филармониясының режиссері, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы. Талдықорған, желтоқсан, 2009 жыл.

Сағындық Жұмаділов, Алматы облыстық филармониясының режиссері, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы. Талдықорған, желтоқсан, 2009 жыл.

Желтоқсан оқиғасына 23 жыл толғанда сол көтеріліске қатысқан екі желтоқсандық Қазақстанның қазіргі жағдайына қатысты қарама-қайшы көзқараста. Біреуі Назарбаевтың бүгінгі саясатын қолдаса, екіншісі оны сынайды.
«БІР АДАМ БАСҚАРҒАНЫ ДҰРЫС»

Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының режиссері Сағындық Жұмаділов, Азаттық радиосына берген сұхбатында, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы біраз жайтты еске алады. Оның пікірінше, адамның жасы келген сайын қайсыбір оқиғаға қатысты көзқарасы өзгеріп отырады екен.

– Сағындық мырза, қазір 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қандай баға берер едіңіз?

– Енді менде сол күндер Қазақстанда демократиялық процестердің бастамасы болды деген пікір басым. Бұл оқиғалар ССРО секілді империяның күйреуінің бастамасы болды. Сол кезде біз тәуелсіздік туралы ойлаған жоқпыз, бірақ Желтоқсан көтерілісі республикамыздың тәуелсіздігіне алып келгендігін көріп отырмыз. Бізден кейін басқа да республикалар тәуелсіздіктің дәмін татты. Соған байланысты бұл оқиғаларға өзіне сай тарихи және саяси бағасын беру керек.

– Сонда сіз Қазақстанның басшылығына орыс Колбинді қойғаны үшін алаңға шықтыңыз ба?

– Иә, ең әуелі біз осы жағдайға наразы болдық, Қонаевты бар болғаны 16 минутқа созылған пленумда алып тастады. Бірақ біз ұлтшыл емес едік. Егер сол кезде оның орнына қазақстандық орысты немесе осында тұратын басқа ұлт өкілін қойса, халық алаңға шықпас еді.

– Сағындық мырза, сол кезде сіз нақты не істедіңіз?

– Мен Алматы театр институтында оқитынмын. Қонаевты қызметтен алып, оның орнына Колбинді қойғанын естігенде, біз бұл шешімге қарсы шығуды ұйғардық. Кешке дейін біз жатақханаларды аралап, «Әр халықтың өз басшысы болсын!» деп плакаттар жаза бастадық. Таңертең алаңға шықтық. Одан соң не болғандығын өздеріңіз білесіздер. Көтерілісті күшпен басты.

– Содан кейін сізге не болды?

– Мен жазаға ілікпедім. Түрмеге жапқан жоқ, оқудан шығармады, бірақ алты ай бойы тергеді.

– Сіз Желтоқсан оқиғалары демократиялық процестердің бастамасы дейсіз, сонда қазіргі мемлекет басшысына президенттік сайлауға қатысуға шектеусіз құқық беретін Қазақстан Конституциясын қайда қоямыз?

– Біз шығыс мемлекетіміз, өзімізге тән түсінігіміз бар. Бізге әр төрт жыл сайын өзгеріп отыратын түрлі адамдардың басқарғаны емес, бір адамның басшылық еткені жақсы.

– Яғни, қазір сіз, сол кездегідей, азаматтардың құқығын қорғап алаңға шықпайсыз ғой?

– Мен халықтың құқығы бұзылып жатыр деп ойламаймын. Бүгінгі күні біз қазақтар ғасырлар бойы аңсаған армандарға жетіп отырмыз. Өзіміздің мемлекетіміз, Конституциямыз бар. Сосын біз үнемі Батысқа еліктеп, солардың істегенін қайталай бергеніміз дұрыс емес. Бізге қоғамның дамуын ондаған жылдарға кері ығыстыратын революция қажет емес. Әр адам өз ісін кәсіби деңгейде атқарса болғаны.

ТЕРГЕУ АБАҚТЫСЫНДА КӨРГЕН АЗАП

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының келесі бір қатысушысы Дина Талданбаева бұл күнде бухгалтер болып жұмысс істейді. Ол 1986 жылғы желтоқсанда жастар көтеріліске шықты деп санайды және оның мемлекет тарихында қазақстандықтардың патриоттық ерлігінің
Дина Талданбаева, бухгалтер, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы. Талдықорған, желтоқсан, 2009 жыл.
үлгісі ретінде ерекше орын алатындығына сенімді. Оны ұлтшылдықпен шатыстырудың қажеті жоқ, өйткені ол қазақта атымен жоқ, деп есептейді Дина Талданбаева.

Дина ол кезде Көкшетаудағы кәсіби техникалық училищенің мұғалімі болып істеген екен. Қазақстан компартиясы орталық комитеті пленумының нәтижелері мен Алматыдағы толқулар туралы хабар жетісімен-ақ. Дина өзінің жұмыстағы әріптестеріне, студенттерге алматылықтарды қолдап алаңға шығуды ұсыныпты.

Осындай бастамасы үшін ол жұмыстан қуылған, үш тәулік бойы абақты азабын тартқан, тергелген.

– Тергеу абақтысынан мен өз еркімен жүре алмайтын дәрежеде шықтым. Қатты әлсірегенімді білемін. Үш күн бойы нәр татпадым, күні-түні сұраудың астына алды, – деп еске алады Дина Талданбаева.

Сөз соңында ол Қазақстанның қазіргі билігі де адам құқығын бұзып келе жатқандығын, сондай-ақ халықтың әлі де болса қарсылық көрсету қауқары барын атап өтті.