"Азаттықты бізге ешкім табаққа салып әкеп бермейді". Әмина Нұғыманованың қоғамдық миссиясы

Әмина Нұғыманова (ортада) өзі құрып, жетекшілік еткен Қазақстан мұсылман әйелдер одағы белсенділерімен бірге. Алматы, 1991 жыл.

Қазақстан тәуелсіздігін жарияламай тұрып елде Мұсылман әйелдер одағын құрған өнер қайраткері Әмина Нұғыманова қалайша қоғам белсендісіне айналды? Көзкөргендер өнер адамының қайраткерлігін еске алды. Ол 1990 жылы Азаттыққа берген сұхбатында сол кездегі қозғалыстар мен бейресми ұйымдардың әрекеті жайлы ой-пікірін бөліскен еді.

Атақты әнші, өнер зерттеушісі, педагог Шыңжаң қазақтары әндерін көпшілікке жеткізіп, нотаға түсірген, Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториядан халық әндері кафедрасын ашқан Әмина Нұғыманованың қоғам белсендісіне айналуы туралы көзкөргендер не дейді?

Your browser doesn’t support HTML5

Әнші Әмина Нұғыманова қалай қоғам белсендісіне айналды?

ШӘУЕШЕКТЕ ШЫҢДАЛҒАН

Қызы Баянның айтуынша, Әмина Нұғыманова 1930 жылы қыста коммунистердің қуғын-сүргінінен қашып, Қытайға ауып бара жатқан қазақ отбасында дүниеге келген.

– Анам марқұм көзі тірісінде "кіндік қаным ақ қар, көк мұзға тамыпты. Сондықтан өмір мені құрыштай шыңдады" деп отыратын. Анамның күрескерлік жолы 15-16 жасынан бастап өле-өлгенше жалғасты деуге болар. Ол ән салып, ұстаздық ете жүріп те ешқашан күрескерлік рухынан айныған емес, – деді Баян Нұғыманова.

Қытайдағы қазақтар, екінші қатарда сол жақтан үшінші тұрған – Әмина Нұғыманова. 1950 жыл.

Ол анасын дәстүрлі ұлттық музыка өнерін зерттеп, ғылыми жұмыс қорғаған алғашқы қазақ әйелі деп есептейді.

– 1955 жылы атамекенге келгенге дейін Қытайда, Шәуешектегі ұлт-азаттық қозғалыстарға ат салысқан. Оралған соң Құрманғазы атындағы консерваторияны тәмамдап, сол кездегі Қыздар педагогика институтында 30 жыл табан аудармай қызмет етті, – деді Баян Нұғыманова.

Айтуынша, анасы институтта жүргенде жемқорлықпен күресіп, тағдыры талқыға түскен адамдарға араша түсіпті.

– Өзі оқыған консерваториядан халық әні кафедрасын ашу үшін 7-8 жыл күресті. Ақыры сол кафедраны ашты. Консерваториядан "Қазақ тілі" ұйымын да құрды. 1990 жылы Қазақстан мұсылман әйелдер одағын құрып, бақилық болғанша өзі басқарды, – деді Баян.

"ҮЛКЕН МУЗЫКА ҚАЙРАТКЕРІНЕ АЙНАЛАДЫ"

Осы арада әйгілі өнертанушы Ахмет Жұбановтың 1960-жылдары шыққан "Замана бұлбұлдары" кітабында сол кездегі жас Әминаның өнері туралы жазғандары да назар аудартады. Жұбанов 1950-жылдардың ортасынан ауғанда Алматыға Қытайдың Шыңжаң өлкесінен әнші Әминаның Шәуешектегі қыздар бастауыш мектебінде оқығанын жазған.

Әмина Нұғыманова. Пекин, Қытай, 1950 жыл.

"1943 жылы Шәуешекте қыздар гимназиясын бітіріп, оқытушылық қызмет атқарады. 1947 жылға дейін жастардан құралған өнер үйірмесінің мүшесі болып, "Қыз Жібекте", "Ер Тарғында" бас рөлдерді ойнайды. 1950 жылы Әмина Пекинге барып, ондағы төңкерістің бір жылдық мерекесінде шығады. Сол жылдың күзінде Үрімжіге келген совет әртістерінің концерттерін тыңдап, көптеген репертуар алып қалады. Екі жылдан кейін Пекинге барып, ондағы орталық ұлттар ән-би ансамблінде істеді. 1955 жылы Алматыға келіп, консерваторияға түсіп, оның ән факультетін 1961 жылы бітіріп шықты", – деп жазған Ахмет Жұбанов.

Оның пікірінше, Әминаның ерекше қасиеті – "қазақтың халық әндерін аса бір сезімділікпен, үлкен орындаушылық шеберлікпен айтады".

"Әмина консерваторияда оқып, дауысын біраз академиялық жолға түсіргенімен, қазақ әндерін орындағанда халықтық дәстүрді қатты ұстайды. Оның репертуарында Шыңжаң өлкесіндегі қазақтардың көптеген әсем әндері бар", –деген өнертанушы.

Әмина Нұғыманова ән салып тұр. Мәскеу, Совет одағы, 1958 жыл.

"Әминаның дауысы көркем бояулы, мөлдір судай таза, оның орындағанын тыңдай бергің келеді. Тарихтың кездесе беретін тасқынына ілесіп, бір кезде туған жерінен ауысып кеткен қазақтардың халықтық музыка дәстүрі, оның ішінде ән орындау әдістері жақсы сақталған. Ол жұмыста Әмина сияқты өнер қайраткерлерінің рөлдері айта қалғандай", – деген Ахмет Жұбанов Әминаның бірсыпыра әнді Қазақстанға жеткізгенін, нотаға түсіріп жарыққа шығарғанын атап жазған.

"Оның репертуарында әлі де Шыңжаң өлкесін жайлаған қазақтардың әндері көп. Олар нотаға жаза түсуді, зерттеуді күтіп тұр. Өзінің өнерін арттыруда үзбей жұмыс істеу арқылы Әмина тек әнші ғана емес, үлкен музыка қайраткеріне айналады", – деп жазған әйгілі музыка зерттеушісі.

"МАҚСҰТ АЛЫС, ӨМІР ШАҚ", КӨТЕРГЕН ЖҮК ӨТЕ АУЫР"

Жетпіс жыл бойы "дін – апиын" деп ұрандатып, діни сенім-нанымға қарсы күрес жүргізіп келген коммунистер басқарған совет мемлекеті тарих қойнауына кетерінен екі жыл бұрын діни сенім бостандығы туралы заң қабылдаған. Одақ құрамында болған республикаларда түрлі діни конфессиялар құрсаудан босап, жаңадан пайда болған ұйымдар қоғам өміріне араласа бастады.

Солардың бірі – Қазақстан мұсылман әйелдері одағы [Қазақстан мұсылман әйелдер лиғасы деп те айтылады] 1990 жылғы 7 сәуірде құрылған. Оның негізін қалаушы әрі жетекшісі Әмина Нұғымановадан сол жылы күзде Азаттық радиосының Алматыдағы тілшісі Қиял Сабдалин сұхбат алған. Сұхбат 1991 жылы қаңтар айының басында екі күн қатарынан эфирден берілді.

Әмина алғашында Қазақстан мұсылман әйелдер одағына тосырқай қарағандар болғанын, алайда "коммунистер қарсы болғанымен, халық пен зиялы қауым ұйымды ыстық ықыласпен қабылдағанын" айтып берген.

Оның сөзінше, Мұсылман әйелдер одағы әйел мен бала құқығын қорғауды, әсіресе жетім балалар мәселесін басты назарда ұстауды мақсат етіп қойған. Бала тәрбиесі мен әйелдердің жоғары білім алуына да бұл одақ өзінше үлес қосуға талпыныс жасағаны белгілі.

Мұсылман әйелдер одағы отбасындағы ананың рөлі ерекше екеніне назар аударған. "Ауыр еңбектегі әйелдерді өз шаңырағына қайтару керек. Олар балаларын жүдетпей, жадатпай, дұрыс тәрбие беруі керек. Бұл – үкімет үшін әлдеқайда пайдалы", – деген Әмина Нұғыманова Азаттыққа берген сұхбатында.

"Мақсұт алыс, өмір шақ", көтерген жүгіміз өте ауыр. Шыққалы жатқан "Ақ босаға" деген газетімізде осының бәрін көтерсек дейміз. Газетіміз таяуда тіркеуден өтті. Бірақ дәл қазір жарыққа шығаруға елдің уайымы қағаз болып отыр", – деп қысқа жіп күрмеуге келмей жатқанын айтқан.

Ол кезде Совет одағында басқа да көптеген өнім түрлерімен бірге қағаз да қат затқа айналған еді. Осындай қиындықпен жұмысын бастаған "Ақ босаға" газеті кейін құрылтайшысы ауысып кетсе де 2022 жылға дейін шығып тұрды.

"Бізде әлі де баяғы ескі сарыннан арылмай келеді. Таяуда телеарнадан "әр 100 қойдан бәлен қозы алды" деп малшы әйелдерін көрсетті. "Алты баланың анасы, күйеуінің көмекшісі" деп соғып жатыр екен. Әрі бала туып, әрі қой соңында жүріп жұмыс істеу күң еңбегімен бірдей", – деген Әмина Нұғыманова советтік науқаншылдықты сынға алып.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Компартия монополиясы, бейресми ұйымдарды тұсау және авторитаризмге апарған жол

1990 жылы Мұсылман әйелдер одағы Қазақстандағы бейресми (неформал) ұйымдар қатарында аталды. Қазіргіше бұл қоғамдық ұйым еді. Сол жылы Қазақ ССР-і басшылығына келгеніне бір жыл болған Назарбаев бейресми ұйым өкілдерін қабылдаған. Сол кездесуде қозғалған жетім балаларға қатысты кейбір мәселелердің қолға алынғанын Әмина Нұғыманова Азаттыққа берген сұхбатында айтқан.

ҚОРҒАЛМАҒАН ДИССЕРТАЦИЯ, ҚЫСЫМ МЕН ҚИЯНАТ

Әмина Нұғыманованың өнер саласынан шеттеп, қоғамдық жұмыспен айналысуына не себеп болды? Қызы Баяннан сұрап көрдім.

– Анам өнерге қолын бір-ақ сілтеп, бірден қоғамдық іспен айналысып кетті деуге болмас. Қайта ол өзінің көксеген арман-мақсатына жетіп, кафедра ашып, оны жастарға табыстап, жастарға жол берді. Соңынан өз жөні, өз сәнімен қоғамдық ұйым құрды. Өзінің өмір бойғы асыл мақсатын іске асыра алды. Мұсылман әйелдер одағын халық қолдап, оның облыстағы бөлімшелері тез құрылды, – деді қоғам қайраткерінің қызы Азаттыққа.

Әминаны белгілі әнші, өнер зерттеушісі ретінде білетін адамдарға бұл қалай әсер етті? Баянның айтуынша, анасына ниеттес адамдар оны қолдаған. Дегенмен "мұсылман" деген атаудан сескенген, "сөйтіп араласпай кеткендер де болды" деді Баян.

1971 жылы Әмина Нұғыманова Мәскеуде "Қазақ орта білім беру мектептеріндегі бала дауысының тәрбиесі" атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Ал 1986 жылы "Қазақтың әншілік дәстүрі" атты қазақ және орыс тілдерінде жазған монографиясы негізінде докторлық қорғамақ болып жүрген. Алайда 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы тұтанып, Әмина Нұғыманованың докторлық жұмысын қорғауына кедергілер туындаған.

– 1986 жылы диссертациясын аяқтап, қорғаймын деген уақыты Желтоқсан көтерілісімен тап келеді. Ол кезде анам марқұм Темірбек Жүргенов атындағы театр және көркемсурет институтында жұмыс істейтін. Сонда анама "Желтоқсан оқиғасына қатысқан" деген қызылды-жасылды жала жауып, салдарынан докторлық диссертациясын қорғаттырмай тастаған. Анамның 10 жылдан аса уақытын сарп еткен еңбегіне осылай қиянат жасалды. "Неге?" дегенде ұлтшылдарға ғылым мен өнерде орын жоқ екен-міс, – деді Баян Нұғыманова.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Желтоқсан-1986. Совет билігі қанға бөктірген бейбіт шеру

Баян анасының осы зерттеуінің қазақ тіліндегі нұсқасын кейін, 2009 жылы жарыққа шығарды. Орысша нұсқасы 2020 жылы басылды.

Әмина Нұғыманова Желтоқсан оқиғасына дейін де және кейін де қысым көрді деді қызы. Айтуынша, Әмина 1971-1981 жылдар аралығында Қазақ телевизиясынан ән өнеріне арналған "Гәкку" бағдарламасын, ол жабылып қалғаннан кейін "Алатау" телеарнасынан "Назқоңыр" бағдарламасын жүргізген. Өнер және әдебиет өкілдеріне жататын 6 адамнан тұратын топ Қазақ ССР компартиясы орталық комитетінің идеология бөліміне жазған арызда бағдарламаны жүргізетін Әминаның "коммунизмді насихаттайтын әндерді емес, ұлтшылдыққа шақыратын" әндерді ғана шырқайтыны айтылған.

– Сол кезде Орталық комитеттің мәдениет бөлімін басқарған Михаил Есенәлиев он шақты адамнан тұратын комиссия құрып, бағдарламаны тексертіп, саясатқа қайшы келетін ештеңе таппайды. Қайта бағдарламаның жоғары кәсіби дәрежесін бағалап, ұлттық музыканы жеткізуде бұл бағдарламаны баға жетпес құрал деп мемлекет тарапынан анама зор алғыс білдірген еді, – деді Баян.

Оның сөзінше, арызқойлар алған бетінен қайтпай, Михаил Есенәлиев Қазақ ССР сыртқы істер министрі қызметіне ауысып кеткен соң, тағы да шағым түсіріп, "Гәкку" бағдарламасын жаптыртып тастаған. Кейінгі "Назқоңыр" бағдарламасы да көп ұзамай соның кебін құшқан. Совет одағы ыдырар қарсаңда Михаил Есенәлиев "Азат" демократиялық қозғалысының тең төрағасы болған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Билікті "қарызға мақтаған" алғашқы оппозиция қалай бөлшектенді?

1990-жылдардың басында Әмина Нұғыманова қоғамдық жұмысқа белсене араласа бастаған.

– 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін тексеретін комиссияға да анамның еңбегі сіңді. "Азат" қозғалысына, "Желтоқсан" ұйымына, республикалық және қалалық "Қазақ тілі" қоғамдық ұйымына, зағиптар ұйымына және басқа да бірлестіктерге де анам бір кісідей-ақ еңбек сіңірді. Жетімханалар мен қарттар үйіне қайырымдылық жасап, бақылауға алып, патронаждық көмек көрсетіп, қыруар мәселелерін шешіп беріп еді, – деп еске алды Баян.

"ӘМИНА АПАЙ ҚОЛДАУШЫ, ЖАНАШЫРЫМЫЗ БОЛДЫ"

Әмина Нұғыманова Азаттық тілшісі Қиял Сабдалинге берген сұхбатында Қазақстан мұсылман әйелдер одағы Алматыда баспанасыздар бас көтерген кезде оларға қолдау танытып, демеу көрсеткенін де айтқан. Қиял Сабдалиннің сөзінше, Мұсылман әйелдер одағының баспанасыз жандарға қол ұшын созып, ас-ауқат апарып бергенін, суық жерді паналаған балаларды көргенде өзі көзіне жас алыпты.

"Біздікі "түйеге "әйт, шу" деген медеу" дегендей кішкене демеп жіберсек деген ниет қой. Қазір азаттық, тәуелсіздік үшін күрес басталды. Күрестің өліспей беріспейтін заңдылығы бар. Ешкім де оңайлықпен билікті бере салмайды. Бірақ барған сайын азаттықтың сәулесі бізге жарқырап түсіп келе жатыр", – деген Әмина Нұғыманова Азаттыққа берген сұхбатында.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Баспанасыздар бүлігі. "Жетім бұрыш" пен билік қыспағындағы тағдыр

Әмина Нұғыманова Желтоқсан оқиғасы кезінде қамалып, сотталғандарды ақтауға белсенді түрде ат салысқанын 1986 жылы Мәскеудің саясатына келіспей, Алматыда алаңға шыққаны үшін қуғын көргендердің бірі Ерлан Декелбаев айтып берді.

– Әмина апаймен 1989 жылдың күзінде "Жалын" журналы редакциясында, Мұхтар Шаханов басқарған Желтоқсан оқиғасын зерттеу комиссиясының жұмысы кезінде танысқан едім. Ол кезде түрмеден босап шыққаныма жарты жылдай ғана уақыт болған. Қоғамнан әділдік іздеп, зиялылар бар ма, жоқ па деп жүрген кезіміз ғой, – деген Ерлан Декелбаев Әмина Нұғыманованың сөздері өзіне рух бергенін айтқан еді.

Желтоқсан оқиғасы кезінде жазықсыз сотталып, қамалғандарды ақтау талабымен ұйымдастырылған акциялардың да басы-қасында Әмина Нұғыманованың жүргенін тарихи деректерден көреміз. Сондай негізгі шараның бірі – 1990 жылғы мамыр айында ұйымдастырылған аштық акциясы.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін қуғын-сүргінге түскендерді ақтауды талап етіп аштық жариялап жатқан белсенділер. Ортада орындықта отырған – Әмина Нұғыманова. Алматы, 14-18 мамыр, 1990 жыл. Қалдыбай Әбеновтің жеке архивіндегі фотоны Азаттыққа ұсынған Ерлан Декелбаев.

– Сол 14-18 мамыр арасында өткізілген саяси акция барысында Әмина апай күн-түн демей, жауын-шашын демей қасымыздан табылды. Ол біздің үлкен қолдаушы, жанашырымыз болды. Ол кісі алаңда аштық жариялап жатқандарға қолына келгенше үйінен көрпе-жастық әкеліп, қамқорлық көрсетті. Арасында журналистерге де сұхбат берді, – деді Ерлан Декелбаев.

Алматыда жаңбыр құйып тұрған көктем мезгілінде ашық аспан астында бірнеше күнге жалғасқан белсенділердің аштық акциясы нәтижесіз болған жоқ.

– Екі адамды бостандыққа шығаратын болды. Қалғандарының жаза мерзімі қысқартылды. Осы жаңалықты естіген кезде нөсер құйып тұрған еді. Ести сала жауын астында Әмина апамен бірге бәріміз қуанып, арасында жылап алдық, – деді Ерлан Декелбаев.

Желтоқсан оқиғасының Азаттыққа жеткен суреттері

РАДИОҚАБЫЛДАҒЫШ ЖӘНЕ СОҢҒЫ КЕЗДЕСУ

Осы акциядан кейін Алматыда 1990 жылғы 20 мамырда "Желтоқсан" ұлттық демократиялық партиясының құрылтайы өткен. Әмина Нұғыманова бұл шараға да белсене қатысты деді Ерлан Декелбаев.

– Сол жаңа партияға мүше болып, тәуелсіздік жолында билікке талап қоя білген Әмина апайымыз еді. "Желтоқсан" партиясының жарғысы қабылданғанда оған кейбір баптардың қосылуына Әмина апай да үлес қосқан, – деді ол.

Тағы бірде Әмина Нұғыманованың баспанасыздар құқығын қорғап жүргенін көреміз.

– 1990-жылдары Алматыда Медет Құлжабаев басқаратын "Шаңырақ" деген баспанасыз ұйымы болды. Олар әл-Фараби және Науаи көшелерінің қиылысында жер басып алды. Соған орай құрылған комиссия үшін де Әмина апа қол жинап, құжат жинап, белсенділік көрсеткені бар, – деді Ерлан Декелбаев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Баспанасыздарға байқалмаған "Тұрғын үй – 91"

Ерлан Декелбаев Әмина Нұғымановаға байланысты тағы бір қызықты жайтты еске алды. Онысы Азаттық радиосына да қатысты болып шықты.

– Мен 1986 жылға дейін Алматыдағы "Радиотехника" деген дүкенде инженер болып жұмыс істедім. Желтоқсан оқиғасынан кейін алты жылға сотталып, соның екі жылын өтеп оралғанымда, сол дүкенге мені әрең дегенде жұмысқа қабылдады. Оның өзінде қара жұмыс істейтін жүк тасушы болдым. Бұл телевизор, радио және магнитофон сататын дүкен еді. Бұл өнімдер сол кезде тапшы болатын. Бір күні сол жерге Әмина апай келіп, "мынандай радиоқабылдағыш керек" деген соң керегін дереу тауып беріп, қолына ұстаттым. Апай қатты қуанып, алғысын айтып кетті. Бірер күннен кейін мені шай ішіп кетуге үйіне шақырды. Абылай хан мен Гоголь көшелерінің қиылысындағы үйіне барғанымда сол радио неге керек болғанын сұрадым. Сөйтсем, апай сол кезде Германиядан эфирге хабар тарататын Азаттық радиосы Қазақ редакциясының хабарын тыңдайды екен, радиоқабылдағышты сол үшін іздепті, – деді Ерлан Декелбаев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бостандық радиосынан" – Совет Одағы құлағанға дейін

Бұл – Азаттық хабарларын радиоқабылдағыш арқылы ғана тыңдауға болатын кез еді. Ерлан Декелбаев сол тұста "желтоқсаншыларды" ақтау кезінде болған тағы бір жайтты айтып берді.

– Ол кезде көптеген зиялы бұғып қалды ғой. Сонда Әмина апай "Қазақ жастарының тағдыры шешілейін деп тұрған сын сағатта бұғып қалған не деген қорқақ едіңдер?!" деп қатты сынағаны есімде. Бұл Әмина апайды соңғы рет көруім екен. Ол кісінің қайтыс болғанын бірнеше жылдан кейін бір-ақ естідім. Естігенде көңілім босап, өзімді де кінәладым, – деді Ерлан Декелбаев.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Желтоқсанға саяси баға беру, қуғын-сүргін ұйымдастырғандарды жауапқа тарту талабы неге аяқсыз қалды?

Әмина Нұғыманова 2007 жылғы 8 маусымда 78 жасқа қараған шағында бақилық болды.

"БІЗДІҢ БАР ҚАРУЫМЫЗ – ЗАҢ"

Ерлан Декелбаев еске алған Әмина Нұғыманованың қоғамда үлкен өзгеріс, бетбұрыстар болып жатқан шақтағы зиялы қауымның қылығына қатысты айтқан сыни пікірі Азаттық радиосына 1990 жылы берген сұхбатында да бар екен.

"Бұл өзі шын мәнінде революциялық бетбұрыс. Кейбіреулер әртүрлі сөз айтады. Жазушылардың ішінде аға буынның өзі көлеңкесінен қорқып, өйтпе-бүйтпе деумен болды. Сонда теңдікті, азаттықты біреу бізге табаққа салып алып келе ме екен? Олай емес, сондықтан біз азаттық пен тәуелсіздік жолында заңды түрде күресе білуіміз керек. Қазіргі біздің бар қаруымыз – заң. Сол заңды үйренуіміз керек", – деген Әмина Нұғыманова 1990 жылы күзде Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Сол жылдары билік "бейресми" деп айдар таққан қоғамдық ұйымдар қатарында болған журналист, "Азат" қозғалысының белсендісі Жұмаш Кенебай Әмина Нұғыманова күрес жолында қызбалықпен емес, байыппен қимылдайтын деп еске алды.

– Бұл кісі өте сақ қимылдады. Қытайдың зымиян саясатын көріп келген адам ғой, құр ұрандатып, айқайлатпайтын. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрі арқылы күресін тоқтатпады. Біз сияқты ананы жоямыз, мынаны жоямыз дегенге бармады, – деді Кенебай.

"ҚАДІРІН БІЛМЕДІК ҚОЙ..."

Жұмаш Кенебай Әмина Нұғыманованың Шәуешектегі айналасы, ортасы туралы да тоқталды.

– Әмина апай қаладағы ең белгілі адамдардың бірі болды. Арғымақ аттар жегілген пәуеске арбамен жүреді екен. Бұл кісінің күйеуі Дубек Шалғынбаев кешегі "Алаш" қозғалысы көшбасшыларының серіктесі болатын. Міржақып, Ақаңдар Шәуешекке барғанда күтіп алып кездескен, елді аралатқан. Дубек Алашорданың сондағы бөлімін ашуға белсене қатысқан. Оны Қытай коммунистері атып өлтірді, – деді Жұмаш Кенебай.

Ол Әмина Нұғыманова білікті адам болған деп сипаттады. Айтуынша, сол кездегі Қытай қазақтары ортасында алғаш оқыған адамдар – Жағда Бабалықұлы, Қажығұмар Шабданұлы және Әмина Нұғыманова қатар өскен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ескендір һәм "Ғаскер әні". Хасанғалиев шырқаған "Алаш маршының" ерекшелігі неде?

– Әмина Нұғыманова Шығыс әдебиетін жақсы білген. Көп тіл білетін. Бірақ қадірін білмедік қой... – деп еске алады Жұмаш Кенебай.

Әмина Нұғыманова бірде Алашорда әскерінің маршына айналған "Ғаскер әнін" жеткізуші ретінде танылса, тағы бірде Алашорда үкіметінің мүлкін қайтаруды талап етіп Совет үкіметі мен советтік Қазақстан басшыларына хат жазған төртеудің бірі болды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азаматтық қоғамға – Алашорданың мүлкін қайтару. Төртеудің хаты

Белгілі әнші, өнер зерттеушісі, Қазақстан мұсылман әйелдер одағының негізін қалаған қоғам қайраткері Әмина Нұғыманова жайлы подкасымызды тыңдаңыз.

"Азаттық толқыны" подкасының барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.