Талғарда кісі қолынан қаза болған Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов 15 күн қамауда отыратын болды. 13 желтоқсанда апелляция соты Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы соты шығарған қаулыны өзгертпеді. Нұрымовтың адвокаттары сот шағымды қанағаттандырмағанын айтты. Ол "ұсақ бұзақылық жасады" деп айыпталған.
Адвокаттар соттан Нұрымовтың кәмелетке толмаған төрт баласы барын, оның жалғыз асыраушы екенін, үйінде қарт ата-анасы, әйелі мен бала-шағасы қалғанын ескеруді сұраған. Адвокаттар шағымда Нұрымовтың шаңырағында кейінгі екі айда болған жағдайлар оған әсер еткенін де айтқан.
Қаржаубай Нұрымов 9 желтоқсанда Талғар маңынан өлі күйінде табылған інісі Нұрғанат Ғайыпбаевтың жаназасынан кейінгі оқиғадан кейін қамалды. Полиция мәліметінше, 30 жастағы Нұрғанат Ғайыпбаев "суицид жасаған". Екі ай ішінде екі жақынынан айырылған отбасы оның өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейді.
10 желтоқсанда жерлеу рәсімі кезінде Нұрымов баласы мен інісінің өлімін әділ тергеуді талап етіп айқайлаған. Полиция мәліметінше, Нұрымов "қоғамдық орында әрі полиция қызметкерлеріне балағат сөз айтып, оларды пышақпен қорқытқан, басқа біреудің мүлкіне қасақана зиян келтірген, пышақпен көлікті сырып, дөңгелегін жарып тастаған". Оған "Бұзақылық" бойынша айып тағылып, сот оны 15 тәулікке қамаған еді.
12 желтоқсанда Қаржаубай Нұрымовқа "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.
16 жастағы Шерзат Полат қаза болған жанжал 4 қазанда жасөспірімнің отбасы жалға алып отырған Талғардағы дүкен маңында болған. Сатып алушылардың бірімен болған даудың соңы жанжалға ұласып, ол достарын шақырып, суық қару қолданылған. Оқиғадан соң қара жамылған отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Бұған дейін марқұмның туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.
Жасөспірімнің қазасы төңірегіндегі оқиғаларға қоғам назары қайта ауған шақта Алматы облыстық прокуратурасы 13 желтоқсанда мәлімдеме таратып, Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу жақында аяқталатынын, Нұрымовтың үйін өртеу және Н. Ғайыпбаевтың өз-өзіне қол жұмсауы бойынша қылмыстық істерді тергеу бас прокуратура бақылауында екенін айтқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қамау, қылмыстық іс, айыппұл, депортация. Қаржаубай Нұрымов пен туыстары не үшін жауапқа тартылды?