«Солтүстік Күрдістан» идеясы ұлтаралық дау туғызды

Ирандағы күрд жастары Күрдістан туы күні мейрамы кезінде. Махабад, 17 желтоқсан 2013 жыл.

Ирандағы күрд жастары Күрдістан туы күні мейрамы кезінде. Махабад, 17 желтоқсан 2013 жыл.

Иран парламенті депутатының елде әзербайжандар тығыз қоныстанған аймақтан «Солтүстік Күрдістан» провинциясын құру туралы ұсынысы әзербайжан диаспорасының ашуына тиді.
Иранда әзербайжан ұлтының өкілдеріне аса ұнай қоймайтын бастама - күрдтердің жаңа аймағын құру туралы идея біраздан бері айтылып келеді.

Ұлты күрд депутат Осман Ахмади 5 қаңтарда өткен парламент сессиясында «Солтүстік Күрдістан» аймағын құру туралы ұсыныс жасады. Оның пікірінше, Иранның Батыс Әзербайжан провинциясында орналасқан, көбінесе күрдтер тұратын Махабад қаласы аймақтың орталығы болуға лайық.

Батыс Әзербайжан аймағында әзербайжандардың саны басым, сондықтан олар жаңа провинцияға жер «бөліп беру» туралы идеяға наразылық танытты.

Иран парламентінің депутаты Осман Ахмади.

Иран парламентінің депутаты Осман Ахмади.

Ахмадидің ұсынысы аймақтағы күрдтер мен әзербайжандар арасындағы бұрыннан бар алауыздықты қайта өршітті. Түркітілдес әзербайжандар исламның шиит бағытын ұстанса, тілдері басқа күрдтер сүннит мұсылмандар санатына жатады. Екі ұлт та Иранның солтүстік-батысында, Ирак, Түркия және Әзербайжан мемлекеттері шекараларының түйіскен тұсында қоныстанған.

Иранның солтүстік-батысындағы бұл провинция Тегеран мен Баку арасындағы дипломатиялық араздық ошағына айналған. Себебі Әзербайжанда да Ирандағы қандастарының тәуелсіздік алып, бөлініп шығуын көксейтін ұлтшылдар бар.

ЖАҢА ПРОВИНЦИЯЛАР

Иранның ISNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Ахмади үкімет құрғалы жатқан жаңа провинциялардың қатарында «Солтүстік Күрдістан» аймағының да болғанын қалайтынын айтқан.

Иран ішкі істер министрі Адбуриза Рахман Фазли.

Жақында Иран ішкі істер министрі Адбуриза Рахман Фазли үкіметтің жаңа 10 провинция құруды жоспарлап отырғанын хабарлады. Алайда, нақты шешім әлі қабылданбаған. 2004 жылдан бері елде жаңа төрт провинция құрылып, аймақтардың саны 31-ге жеткен еді.

Қараша айында қабылданған барлық этностық және діни азшылық өкілдеріне теңдік беретін Адам құқықтары туралы жаңа заңға сүйенген депутат Ахмади: «Бұл құжат іс жүзінде әрекет етіп, күрдтер өздерін екінші дәрежедегі азаматтар ретінде сезінбейтін болады деп үміттенеміз» деді.

ДЕПУТАТТАР ҚАРСЫЛЫҒЫ

Ұлты әзербайжан депутаттар «Солтүстік Күрдістан» аймағын құру туралы ұсынысқа бірден қарсы шықты.

Батыс Әзербайжан провинциясының орталығы – Урумие қаласынан сайланған депутат Надир Ғазипур Ахмадидің мәлімдемесін «насихат» деп атады.

«Батыс Әзербайжанның бөлшектенуіне ешқандай жағдайда мүмкіндік бермейміз» деді ол shnobas.ir сайтына берген сұхбатында.

Батыс Әзербайжаннан сайланған енді бір депутат Рухолла Беги Ахмадидің мәлімдемесіне: «Мияндобтың [Батыс Әзербайжандағы шағын қала] жеке провинция болуға көбірек мүмкіндігі бар екенін екі сыныптық білімі бар адам да біледі» деп кекесінмен жауап қайтарды.

Иран парламентіндегі сүннит күрдтер фракциясының басшысы Абед Фаттахи аймақтың және елдің мүддесіне сәйкес келген жағдайда ғана жеке провинция құрылуы мүмкін деген ой айтты.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕГІ АЙТЫС

«Солтүстік Күрдістанның» дауы табан астында әлеуметтік желіге жайылып, қызу пікірталасқа ұласты.

Күрдтердің Facebook-тегі «Батыс Әзербайжан провинциясының атауын өзгертейік» атты парақшасы Осман Ахмадидің ұсынысына қолдау білдірді. Бұл парақшада негізгі фотосында күрд жалауымен көмкерілген Батыс Әзербайжан провинциясының жері бейнеленген.

Иранда тұратын әзербайжандар Ана тілі күнін атап өтіп жатыр.

Маруф Дурандиш есімді Facebook қолданушы 5 қаңтарда депутаттың ұсынысын қолдап, «Жасасын күрдтер және Күрдістан!» деп пікір қалдырған.

Мұхаммад Жаһане есімді қолданушы 7 қаңтарда жазған пікірінде:

«[Әзербайжандар] Иранның қайда екенін білмейтін кезде-ақ күрдтер Иранның құрамында болған. Түркілердің Иранға миграциясы селжүк түріктерінің [Орталық Азиядан кеткен түркі тайпалары] шабуылынан соң басталған. Ал күрдтер Иранға мыңдаған жылдар бұрын келген» деп жазған.

Ал әзербайжандардың «Күрдтерді Әзербайжаннан шығарып жіберейік» деп аталатын парақшасында бұл ұсынысқа наразылық танытып, пікір білдірушілер көп.

Мох Риза есімді Facebook қолданушы 5 қаңтарда депутаттың ұсынысын әжуаға айналдырып: «Солтүстік Күрдістан дей ме? Күлкімді келтірмесінші» деген пікір қалдырған.

«ОҢТҮСТІК ӘЗЕРБАЙЖАН» БА, «СОЛТҮСТІК КҮРДІСТАН» БА?

Әзербайжан мен Иран арасындағы дипломатиялық дүрдараздық өршіген тұста бұрыннан келе жатқан айтыс қайта басталды.

Былтыр Иран парламентінің бірнеше депутаты Әзербайжанды аннексиялау мәселесін сөз еткен еді. 19-ғасырда Иран Кавказдың біраз бөлігін, соның ішінде Әзербайжанды Ресей империясына берген. Ирандық депутаттардың айтуынша, сол кездегі кейбір келісім-шарттардың күшін жою керек.

«Әзербайжанның ішкі ісіне Иранның араласпауын» талап етіп Бакудегі Иран елшілігіне келген әзербайжандық белсенділер. 9 ақпан 2011 жыл.

Иран парламентінің депутаттары Әзербайжан бүкілхалықтық референдум өткізіп, Иран Ислам республикасының құрамына өту жайын дауысқа салуы керек деген ұсыныс тастағаны сол еді, Әзербайжан қоғамы дүрлігіп сала берді.

Бұдан біраз уақыт бұрын Әзербайжанның заң шығарушылары елдің атауын «Солтүстік Әзербайжан республикасы» етіп өзгерту мәселесін көтерді. Әзербайжандық ұлтшылдар Ирандағы Шығыс және Батыс Әзербайжан провинцияларын «Оңтүстік Әзербайжан» деп атайды әрі ол аймақ Иранның бұғауынан құтылып, қазіргі Әзербайжан Республикасымен қосылып, біртұтас мемлекетке айналуы керек деп санайды.

Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.