Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды, полиция "суицид" деді

Марқұм Шерзат Полаттың ата-әжесі тұрған үй. Алматы облысы Талғар ауданы Азат ауылы. 9 желтоқсан, 2024 жыл.

Алматы облысы Талғар ауданында бір топ адам қатысқан жанжалдан мерт болған Шерзат Полаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев өлі табылды. Бұл туралы 9 желтоқсан таңертең Алматы облысының полиция департаменті хабарлап, ақпаратты кейін отбасының қорғаушылары растады.

"Талғар қаласы маңынан 30 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылып, өзіне қол жұмсаған. Марқұм биыл 4 қазанда қаза болған Шерзат Полаттың ағасы екені анықталды", – деп хабарлады полиция.

Шерзат Полаттың қорғаушылары Instagram-да ашқан justice_for_sherzat парақшасы марқұмның жасөспірімнің ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев қаза болған деп хабарлады.

Алматы облысының полициясы қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жүріп жатыр деді. Ресми ақпаратқа сәйкес, әзірге қандай да бір қылмыстық сипаттағы белгі анықталмаған.

"Марқұм Шерзат Полаттың отбасын полицейлер күзетіп жүрді. Марқұмның отбасына қандай да бір қауіп тіркелген жоқ. Күзеттегі қызметкерлердің айтуынша, ер адам күзеттегі нысаннан сағат 23.30-да шығып, жеке көлікпен кеткен. Тергеу мүддесіне сай, өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – деп хабарлады Алматы облысының полициясы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Талғардағы жанжалдан мерт болған жасөспірімнің туыстары істі ашық тергеуді талап етті

4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында бір топ адам қатысқан жанжал кезінде 16 жастағы Шерзат Полат пышаққа түсіп мерт болды. Оқиғадан соң қара жамылған отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Бұған дейін марқұмның туыстары әкімдік алдына жиналып, тергеуді ашық әрі әділ жүргізуді талап еткен.

Әлеуметтік желіде ауданда "Хуторлық" деген жүгенсіз кеткен қылмыстық топ әрекет етеді деген болжамдар айтылған. Полиция ол хабарды жоққа шығарып, "ондай қылмыстық топ тіркелмеген" деп мәлімдеді.

Жасөспірімнің қазасынан кейін бірқатар жергілікті шенеунік қызметінен алынды.

14 қазанда желіде жасөспірім мерт болғанға дейін дүкен алдындағы алыс-жұлыс кезінде оның әкесі Қаржаубай Нұрымов түсіп қалған қысқа видео тарады. Видеоны көрген кейбіреу "ол пышақ алып жүрген" деген долбар айтты. Видеоны кім таратқаны белгісіз. Жәбірленуші тараптың адвокаттары видеоны таратқандарды анықтауды және оларды жауапқа тартуды талап етіп, полицияға арыз түсірген. Полиция оны анықтап жатқанын хабарлаған.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұған дейін Шерзат Полат ісі "Адам өлтіру", "Бұзақылық", "Қорқыту", "Қылмысты жасырып қалу" және "Қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша тергеліп жатыр деп хабарлаған. "Қасақана кісі өлтіруге қатысты" деген күдікпен сегіз адам, "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша үш адам сот санкциясымен қамауға алынған.

Your browser doesn’t support HTML5

Талғарды күзету, «Хуторға» араша сұрау, Қаңтарды еске алу – AzatNEWS | 14.10.2024