Украина сыртқы істер министрлігі мен Украина футбол федерациясы халықаралық футбол федерациясы ФИФА-дан "Қырым – Украина жері" деп көрсетілмеген карта үшін кешірім сұрауды талап етті.
2026 жылы құрама командалары бір-бірімен ойнай алмайтын елдер белгіленген карта 13 желтоқсан күнгі эфир кезінде көрсетілген деп жазды Азаттықтың Украин қызметі.
Графикада Украина – қошқыл жасыл түспен, ал көрші елдер, Ресей де ашық жасыл түспен көрсетілген. Картада Қырым да ашық жасыл түске боялған.
Украина сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Георгий Тихий әлеуметтік желіде ФИФА эфирде "мемлекеттердің халықаралық шекарасын өзгертіп", "Ресейдің Украинаға қарсы әскери қылмысы мен басқыншылығын, пропагандасын" қолдады деп жазды.
Украинаның футбол қауымдастығы ФИФА және УЕФА жетекшілерінің атына бағыттап жазған хатында бұған мүлде жол беруге болмайтынын жазған. Мәлімдеме авторлары Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығы тұсында бұл мәселе өте маңызды деп санайды.
- Мәскеу 2014 жылы Қырымды басып алғанын мәлімдеген. Содан бері Қырым түбегіндегі футбол жүйесі іс жүзінде бұзылды. Қырым қалаларында ойнаған Ресейде тіркелген спорт командалары 2022 жылғы басқыншылыққа дейін Ресей спортының құрамына енгізілмей келген.
- Ресей халықаралық футбол турнирлерінен шеттетілген. Украина құрамасы жеребе бойынша D тобына жіберілді, ол жақта Исландия және Әзербайжан, Франция, Хорватия командаларымен ойнайды. 2026 жылы футбол чемпионаты бірден үш елде – АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.