Accessibility links

 
"Қазақстан - Ресей губерниясы емес!" деп, 31 арна журналистері жұмыстан кетті

"Қазақстан - Ресей губерниясы емес!" деп, 31 арна журналистері жұмыстан кетті


"31 арна" журналистері қазақ тілді бағдарламалардың қысқартылғанын айтады. Алматы, 5 мамыр, 2010 жыл.
"31 арна" журналистері қазақ тілді бағдарламалардың қысқартылғанын айтады. Алматы, 5 мамыр, 2010 жыл.

20 пайыз үлесін ресейлік «СТС-Медиа» холдингі сатып алған қазақстандық 31 телеарнада соңғы 2-3 жылда ондаған қазақ хабарлары жабылғанына наразы 14 журналист өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүр болған. Арна басшылығы мұны хабарлардың сапасын жақсарту саясатымен түсіндіреді.


МӘСКЕУГЕ ТӘУЕЛДІЛІК...

Сәрсенбі күні Алматыда баспасөз маслихатын өткізген «31 телеарнаның» бүгіндегі бұрынғы журналистері "ұжымда төтенше жағдай қалыптасып отырғандығын" мәлімдеді. «31»-дің 20 пайыз акциясын ресейлік «СТС-Медиа» холдингі сатып алғаннан бері компаниядағы барлық қызметтер, шығармашылық шешімдер Мәскеуге тәуелді болып қалды дейді арнада кешегі күнге дейін бас редактор болып қызмет еткен Қанат Тілеухан.

- Жаңа жылдан кейін бізде бес бірдей қазақ тіліндегі бағдаралмамыз жабылды. Сол кезде журналистердің арасында наразылық болды. Біз Мәскеумен сөйлестік, «Қазақстан – Ресей губерниясы емес, тәуелсіз, азат мемлекет. Біз оған қарсымыз» дедік. Олар бізге жабылған хабарлардың орынана өзге хабарлардың жасалатындығын айтқан еді, - дейді Қанат Тілеухан.

Оның сөзінше, арна басшылығы түрлі себептермен қазақ тілді бағдарламаларды эфирге шығармаудың амалын қарастыруда. Соңғы үш ай бойы жалақысыз жұмыс істеген журналистердің айтуынша, алдағы уақытта өз бағдарламаларын жасауға мүмкіндік жоқ. Себебі қазірдің өзінде жүзеге асырылып жатқан тұрақты жобалар жоқ.

- «Рейтингтік үлесі төмен» деген сылтаумен жаңа жыл қарсаңында жабылған 5 хабардың орнына шыққан «Айна Line» жобасы 29 сәуір күні тоқтатылған. Оған себеп тағы да сол - рейтингтік үлестің төмендігі. Дегенмен кез келген арнада бір жобаның сараптамалық мөлшерін, рейтінгін көрсету үшін екі-үш ай беріледі. Ал «Айна Line»-ге 9 күн ғана берілді. Одан өзге бағдарламаға прайм-тайм яғни көрермендер көретін тиімді уақыт берілмеді. Соған қарамастан ол бағдарлама төмен рейтінгке ие болды деп те айта алмаймыз, - дейді журналист Нұрсұлтан Құрман.

«Айна Line» бағдарламасы жабылған соң, олардың барлық ниет-пиғылы анық болды: «СТС-Медиа» қазақстандық кеңістікті өзінің ақпараттық отарына айналдырғысы келеді дейді журналистер.

ТАЙМ АУТ...

«31 арнаның» бас директоры Нұржан Мұхаметжанова жобалардың жабылуы орында екендігін айтып отыр. Ал журналистер алға тартқан «Айна Line» бағдарламасы әлі де өз жалғасын табады дейді басшы.

- Бұл жоба біздің арна үшін 3 миллион 200 мың теңгеге шықты. Дегенмен, 9 пилоттық жобаның орташа көрсеткіші - 2,7, рейтінгісі -0 болғандықтан бұл экономикалық тиімсіз болды. Бірақ біз бұл жобаны мүлдем жапқан жоқпыз, оның мүмкін мазмұнын, көрерменге ұсыну форматын өзгерту керек шығар деген оймен уақытша «тайм аут» алдық. Мамырдың 17-інен бастап ол әрі қарай жалғасады, -дейді бас директор.
31 телеарнаның жұмыстан кеткен бас редакторы Қанат Тілеухан. Алматы, 5 мамыр, 2010 жыл.


Оның пікірінше, қалыптасқан жағдай бас редактордың өз жұмысын үйлестіре алмауынан болып отыр.

- Жұмыстан өз еріктерімен кеткен журналистердің тек біреуі – Қанат Тілеухан ғана бізде штаттағы қызметкер еді. Ал қалғаны келіп- кетіп жұмыс істеп жүрген қыз-жігіттер. Дегенмен Қанат жай қызметкер емес, бас редактор. Арнаның біз жүргізіп отырған саясатын шығармашылық топқа жеткізетін адам сол. Ал өзі жаңағындай көзқарас ұстанды да, сондықтан біздің мына жастар көп нәрсенің байыбына бара да алған жоқ. Меніңше біз оларға тым жақсы көзқараста болдық, - дейді «31 арнаның» бас директоры Нұржан Мұхаметжанова.

Ал жұмыссыз қалған журналистер Қазақстанның байланыс және ақпарат министрі мен парламент мәжілісінің төрағасына ашық хат жолдаған. Онда олар, «31 арна» бүгінде тек қана ресейлік сериалдар мен ситкомдардың насихатшысына айналды, Қазақстанның «Тілдер туралы» заңының нормаларын өрескел бұзып отыр" деп атап көрсеткен.

Ұлттық ақпарат кеңістігімізге қауіп төніп отыр деген олар Қазақстан билігінен журналистер құқығының қорғалуын сұрайды.
XS
SM
MD
LG