Accessibility links

Иран соты АЕ/АР-дың бұрынғы тілшісін 10 жыл түрмеге кесті


Реза Вализаде
Реза Вализаде

Иран соты Азат Еуропа/Азаттық радиосының бұрынғы тілшісі Реза Вализадені 10 жыл түрмеге кесті. Оны "Америка үкіметіне жұмыс істеді" деп айыптаған.

Сот процесі кезінде судья мемлекеттік айыптаушы рөлін де атқарған. Үкімге сәйкес, Америка азаматтығы да бар Реза Вализаде түрме жазасын аяқтағаннан кейін екі жыл елден шыға алмайды, саяси ұйымдарға қатыса алмайды деп жазды Фарда радиосы.

Вализаде Азат Еуропа/Азаттық радиосының Иран қызметімен он жыл әріптестік орнатып, 2022 жылы радиодан қол үзген. Биыл жыл басында отбасын көру үшін Иранға барып, ұсталып, ізінше қамалды. Бұған оның АҚШ-та террористік ұйым танылған Ислам революциясы сақшылар корпусының барлау қызметімен әріптестік орнатудан бас тартуы себеп болған.

Туыстарының сөзінше, Иранның арнайы қызмет өкілдері журналистке елде оған ешқандай қатер төніп тұрмағанын айтқан. Журналист мұны сот кезінде де судьяның есіне алған.

АҚШ мемлекеттік департаменті Реза Вализаденің ұсталуын айыптап, бұл халықаралық құқық нормаларына қайшы келетінін айтты. "Шекарасыз тілшілер" және Журналистерді қорғау комитеті Иран билігін оны дереу босатуға шақырды.

XS
SM
MD
LG