Accessibility links

 
"Ескілік сарқыншағы". Билік желідегі сынды қалай бақылайды?

"Ескілік сарқыншағы". Билік желідегі сынды қалай бақылайды?


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстан билігі жыл сайын жекеменшік компанияларға ақпарат құралдарына, әлеуметтік желідегі жазбалар мен пікірлерге мониторинг жүргізуге тапсырыс береді. Билік өкілдері бұл тапсырысты "қоғамдық-саяси тұрақтылыққа қауіп төндіретін ақпаратты анықтаудың амалы" деп түсіндіреді. Бірқатар сарапшы билік аталған компаниялар қызметін желіде мемлекет басындағылардың саясаты мен шенеуніктер жұмысын сынайтын азаматтарды анықтау үшін пайдаланады деп есептейді.

Қазақстанда билікке ұнамсыз ақпаратты жергілікті және республикалық деңгейде бақылау бар. Республика көлемінде бұл міндетті ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанынан құрылған "мониторинг және талдау орталығы" атқарады. Облыстық әкімдіктердің ішкі саясат басқармаларында аталған орталықтың бөлімшелері жұмыс істейді.

Өңірлік әкімдіктер жыл сайын мемлекеттік сатып алулар сайты арқылы жүздеген миллион қаржы жұмсап, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі жазбаларға мониторинг жүргізу қызметін сатып алады. Көбіне тапсырыс беруші байқау құжатында ондай қызметтерге қоғамдағы "наразылық көңіл-күй мен өңірде митинг болу ықтималдығын бағалау" да кіретінін нақты көрсетеді.

"БЕЙТАРАП-ПОЗИТИВТІ" ПІКІРЛЕР КІМГЕ КЕРЕК?

Биыл мамыр айының басында Facebook әлеуметтік желісіндегі қазақстандық қолданушылар Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновты сынады. Бұған Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық даму басқармасы мен Dasco DataCom компаниясы арасында жасалған келісімшартты талдаған "Время" газетінің материалы себеп болды. Құжатқа сай, әкімдік компанияға 89 миллион теңгеге "Ақпараттық кеңістіктегі астана әкімдігі мен қаланың құрылымдық бөлімшелерінің жұмысы туралы жазбаларға мониторинг жүргізуге" тапсырыс берген.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов тұрғындарға есеп беріп тұр. 12 ақпан 2020 жыл.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов тұрғындарға есеп беріп тұр. 12 ақпан 2020 жыл.

Әлеуметтік желі қолданушылар әкімдіктің қанша ақша жұмсағанынан гөрі, келісімшарттың "ақпарат-сараптамалық алаңдар, форумдар, блогтар, жаңалықтар мен әлеуметтік желілерде тапсырыс беруші ұсынған материал негізінде айына кемінде 1000 бейтарап-позитивті пікірлер жариялау" деген бөліміне назар аударып, сынға алды.

Әкімдік басқармасы бұл қызметті сатып алғанын растап, "қаладағы әлеуметтік мәселелерді шешу үшін қоғамдық-саяси жағдайды ары қарай зерттеп, халықтың көңіл-күйін білу мақсатында ақпарат құралдарына ғана мониторинг жүргізіледі" деп түсіндірді.

Тапсырысты орындайтын Dasco DataCom компаниясының басшысы Дәрмен Сәдуақасов (шахматтан Қазақстанның бес дүркін чемпионы, бұрынғы шенеунік) Facebook парақшасында "ақпараттық шу көрсетілетін қызметтің мәнін, оның қала тұрғындарына пайдасын түсінбегеннен туды" деп жазды.

Азаттық Сәдуақасовтан пікір алуға тырысты. Бірақ қолы бос емесін айтқан ол кешірек хабарласуды өтініп, кейін телефон тұтқасын алмады.

Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты әрі Көлгіновтің кеңесшісі Мирас Шекенов Atameken Business арнасына берген сұхбатында тексеру комиссиясы әкімдіктің аталған тапсырысқа бөлген қаржысының заңдылығын зерттейтінін мәлімдеген.

- Бюджет комиссиясының төрағасы ретінде… біз тексеру комиссиямен бірге бұл фактіні зерттейтін шығармыз. Қаржының шын мәнінде қандай мақсатқа бөлінгенін, қалай жұмсалғанын тексереміз, - деген депутат.

Азаттық "Тексеру комиссиясы тексеруге кірісті ме?" деген сұрақпен Мирас Шекеновке хабарласты.

- Жоспарлы түрде тексереді. Әрине, тексереді. Олардың өз уақыты бар. Жоспарлы тексеруді қай кезге қойғанын көру керек. Тексеру комиссиясы барлық шығынды тексеруге міндетті, - деді телефонмен қысқа жауап берген Мирас Шекенов.

Нұр-Сұлтан қалалық тексеру комиссиясы аппаратының басшысы Серік Амангелдинов мұндай тексеру жүргізу жайлы ештеңе естімегенін айтады.

Бізде жоспардан тыс тексеру деген болмайды. Біз қаржыны бақылайтын орган емеспіз.

- Бір жылға бекітілген нысандар тізіміне сәйкес тексеру жүргіземіз. Бізде жоспардан тыс тексеру деген болмайды. Біз қаржыны бақылайтын орган емеспіз. Жылдық тізімге өзгеріс енгізе аламыз, бірақ оның әуресі көп. Яғни, бір аптада шешіп, келесі аптада тексеруге баратындай жеңіл емес. Заң бойынша, тексеру жүргізу туралы шешімді біз қабылдаймыз. Одан бөлек, мәслихат, президент әкімшілігі мен есеп комитетінен ұсыныс түсуі мүмкін. Ұсыныс беруге болады, бірақ түпкілікті шешімді комиссия мүшелері қабылдайды. Ал мәслихаттан әзірге ешқандай өтініш түскен жоқ, - деді депутат Шекеновтың сөзіне байланысты пікір білдірген шенеунік.

"БІЗ АҚПАРАТ ЖИНАЙМЫЗ, ШЕШІМДІ ТАПСЫРЫС БЕРУШІ ҚАБЫЛДАЙДЫ"

Айжан Майтқанова – Қазақстандағы әлеуметтік желі, блог пен ақпарат құралдарына мониторинг жүргізумен айналысатын iMAS GROUP компаниялар тобының даму жөніндегі директоры. Жергілікті нарықта жеті жылдан бері жұмыс істейтін компания мемлекеттік органдармен қатар, жекеменшік компанияларға, оның ішінде банктерге қызмет көрсетеді.

- Расталмаған, жалған, негативті ақпаратты жинап, мемлекетке ұсынамыз.Бұл мемлекетке қате ақпаратты жоққа шығарып, кей ақпараттың салдарынан болатын залалдың алдын-алу үшін керек. Қызмет ақысы жұмыс көлемі мен өзге де экономикалық факторларға сәйкес есептеледі. Қаржы мәселесін тапсырыс берушімен жеке келісеміз, - дейді Айжан Майтқанова.

Майтқанова компания тапсырыс берушінің техникалық сипаттамада көрсеткен талаптарына сай жұмыс істейтінін, бұл қызметтің желідегі наразылық көңіл-күйге қарсы күреске еш қатысы жоғын айтады.

- Біз фактілерді ғана ұсынамыз. Ақпарат жинап береміз. Қалғанын тапсырыс берушінің өзі істейді. Біз ешкімнің ондай тапсырысын орындамаймыз. Ақпараттық кеңістікте не болса, соның бәрін жеткіземіз. Оны қалай пайдаға асыруды, ары қарай қалай әрекет етуді тапсырыс берушінің өзі шешеді, - дейді ол.

"Пікір жазсаң, артыңнан келуі мүмкін". Интернеттегі еркіндік жайлы жұрт пікірі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:35 0:00

Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев биыл ақпанда сенатта өткен үкімет сағатында iMAS жүйесінің көмегімен полиция қызметі туралы "85 мың позитивті және 27 мыңнан астам сыни пікір" жиналғанын мәлімдеген.

iMAS GROUP сайтында клиенттерге арналған мынадай хабарлама бар: "Қоғамдық тұрақтылықты бұзып, ұлтаралық араздық туғызатын, конституциялық құрылымды бұзуға, заңсыз митингілер өткізуге, діни экстремизм мен жалған ақпаратқа шақыратын қауіпті көздерді анықтаңыз. Қоғамның ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, блогтар мен форумдарда қалдырған сын пікірлерін алыңыз. Оларға жедел түрде реакция білдіріңіз. Мемлекеттік орган қызметін жетілдіріңіз. Министр, әкім, басшы, мемлекеттік бағдарлама, реформа мен бастамалардың беделін бақылауда ұстаңыз. Халықтың сеніміне ие болыңыз".

"КОММУНИСТІК ДӘУІРДІҢ САРҚЫНШАҒЫ"

Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттің пікірінше, әкімдіктердің сыни ақпарат жинауы "Қамқор аға" (Big Brother - Джордж Оруэллдің "1984" роман-антиутопиясындағы кейіпкер, Океания мемлекеті мен "Ангсоц" партиясының жалғыз көшбасшысы) хикаясын еске салады.

- Арнаулы қызмет пен оған бағынышты бөлім өкілдерінің радикализм, экстремизм мен сепаратизмді насихаттаушыларды іздеп, желіні бақылап отыратыны түсінікті. Бірақ бұл іске әкімдіктің араласқаны ақылға сыймайды. Әкімдік әлеуметтік желіде мемлекеттік саясатты қолдамайтын адамдарды аңдып, жинаған ақпаратын оларды қудалауға қолданса, бұл Конституция мен халықаралық құқық нормаларына қайшы келеді, - дейді Шалқар Нұрсейіт.

Саясаттанушы ақпараттық қызметке тапсырыс берген әкімдік жайлы пікірінде ішкі саясат басқармасын "коммунистік дәуірдің сарқыншағы" көретінін айтады.

- Мысалы, демократиялы елдерде "ішкі саясат" деген терминді мүлде қолданбайды. Біздегі жағдай көптің ішінен диссиденттер мен коммунистік режимге қарсы адамдарды анықтайтын бұрынғы кезді еске салады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бұл орган Нұрсұлтан Назарбаевқа (елді отыз жылға жуық басқарған бұрынғы президент - ред.) немесе "Нұр Отан" партиясына қарсы пікір айтқан адамдарды бақылау үшін сақталып қалды. Мұнда саяси белсенділерді қудалаумен көрінбейтін тікелей байланыс бар, - дейді саясаттанушы.

Азаматтық белсенді Анна Шүкеева интернетте қолданушы құпиялығын шектеуге және цензураға қарсылық білдіріп тұр. Нұр-Сұлтан, 26 шілде 2019 жыл.
Азаматтық белсенді Анна Шүкеева интернетте қолданушы құпиялығын шектеуге және цензураға қарсылық білдіріп тұр. Нұр-Сұлтан, 26 шілде 2019 жыл.

Сарапшының пікірінше, жергілікті әкімдіктердің негізгі міндеті – халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру. Ал сыни пікірлер мен халықтың шағымын жинаумен барлық әкімдікте жұмыс істейтін IKOMEK электронды сервисі айналысады.

Zertteu Research Institute қоғамдық қорының өкілі, мемлекеттік бюджетті халықты қатыстыру және есеп беру принципі негізінде ашық басқару тақырыбын насихаттап жүрген сарапшы Ғалымжан Оразымбеттің сөзінше, мемлекеттік сатып алу сайтындағы байқау құжатында қызмет атауы көбіне "желідегі негативке қарсы күрес" деп емес, "позитивті контентке тапсырыс" деп көрсетіледі.

Позитив тарату қоғамдағы қандай да бір мәселені шешуді көздеуі керек.

- Бұл жағдайда билік әрекетінің дұрыс не бұрыстығына баға бергім келмейді. Мені "салық төлеушілерден жиналған ақша қаншалықты тиімді жұмсалып жатыр?", "мұндай ақпаратқа сенуге бола ма?" және "бұдан қоғамға қандай пайда бар?" сұрақтар көбірек қызықтырады. Соңғы нәтижені бағалау индикаторы болуы керек. Менің түсінігімде, позитив тарату қоғамдағы қандай да бір мәселені шешуді көздеуі керек. Яғни, "туризм туралы жазылған мақала саланың дамуына қаншалықты әсер етеді?", "осындай материалдардан кейін елге қанша жаңа турист келеді?" және "бұдан жергілікті тұрғындар қандай пайда көреді?" деген сұрақтарға жауап болуы тиіс. Өкінішке қарай, мұндай индикаторлар көріп отырған жоқпын, - дейді Ғалымжан Оразымбет.

Сарапшы мемлекеттік сатып алу кезінде тендердің техникалық сипаттамасы нақты бір компанияға арнап жазылатын кездер де болатынын, бұл шенеуніктер тілінде "заточка"деп аталатынын айтады.

"ЦИФРЛЫҚ АВТОРИТАРИЗМГЕ БАСЫМДЫҚ"

IT маман Абзал Досым "бот-фермалар" мен "лас технологиялардың" жұмысына куә болғанын еске алды.

- Мәселен, былтыр алматылық жас белсенділер "Шындықтан қашып құтыла алмайсың" саяси акциясын өткізіп, "Oyan, Qazaqstan" қозғалысын құрды (қозғалыс белсенділері бейбіт жолмен қоғамдық-саяси реформалар жүргізуге шақырады). Facebook парақшамда қозғалыс мүшелері жариялаған видеоны бөлістім. Сол жазбаның астына желідегі достарымның қатарында жоқ екі жүз шақты қолданушы белсенділерді сынайтын пікір жазды. Сыни ойлай алмайтын адам пікірлерді көріп, халықтың басым көпшілігі осылай ойлайды екен деген байлам жасауы мүмкін. Бұл - қоғамдық пікірге манипуляция жасаудың бір жолы, - дейді Абзал Досым.

Марафон өтіп жатқан жолдың шетіне ілінген "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер. Алматы, 21 сәуір 2019 жыл.
Марафон өтіп жатқан жолдың шетіне ілінген "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер. Алматы, 21 сәуір 2019 жыл.

Халықаралық Freedom House құқық қорғау ұйымы да кейінгі есебінде Қазақстанда "ел азаматтарын бақылауда ұстап, сайлауға манипуляция жасау мақсатына қолданылып, цифрлық авторитаризмнің пайдасына жұмыс істейтін технологиялар" барын жазған.

Құқық қорғаушы және Қазақстандағы интернет ресурстарға қолжетімділікті шектеу туралы зерттеу авторы Елжан Қабышев әкімдіктің мониторинг жүргізумен айналысатын жекеменшік компаниялар қызметін пайдаланатынына таңғалады. Сарапшының пікірінше, бұл міндет онсыз да Қазақстанда интернет пен ақпарат құралдарына мониторинг жүргізіп, автоматтандырылған жүйенің көмегімен заңға қайшы ақпарат бар-жоғын анықтайтын өкілетті орган - ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жүктелген.

Қазақстанда интернетті реттеу саласында кері тренд байқалады.

- Шынымды айтсам, олардың әлі күнге басқа фирмалардың қызметіне жүгінетініне таңғалып отырмын. Сонда бір жұмысты екі істеп отыр ғой. Қазақстанда интернетті реттеу саласында кері тренд байқалады. Өйткені билік демократиялық процестерді іске асырудың орнына, халық алдында өзіне жақсы имидж қалыптастыруға көп ақша жұмсайды. Яғни, мемлекеттік органдардың жұмысы мақтауға лайық болмаса да, PR жұмыстарын жүргізеді, - дейді құқық қорғаушы.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің дерегінше, 2018 жылы министрлік жанындағы "Ақпарат және талдау орталығына" "Ұлттық ақпараттық кеңістіктің автоматтандырылған мониторингі" жүйесін дайындауға мемлекет бюджетінен 1,6 миллиард теңге бөлінген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG