Accessibility links

 
Орал соты қамаудағы белсенді Маруа Ескендіроваға тағы 10 күн жаза қосты

Орал соты қамаудағы белсенді Маруа Ескендіроваға тағы 10 күн жаза қосты


Оралдық белсенді Маруа Ескендірова.
Оралдық белсенді Маруа Ескендірова.

Орал соты әкімшілік заң талабын бұзған деген айыппен он күнге қамаған жергілікті белсенді Маруа Ескендірова жаза мерзімінің аяқталуына бір сағат қалғанда тағы он күнге әкімшілік қамауға алынды. 10 шілде күні сот белсендіні "бір жыл ішінде митинг туралы заң ережесін қайта бұзғаны" үшін кінәлі деп тауып, әкімшілік жазаға тартқан.

Маруа Ескендірова Әкімшілік кодекстің 488-бабы 11-тармағы (заңсыз митингіге жыл ішінде бірнеше рет қатысу) бойынша сотқа тартылып, 30 маусымнан бері әкімшілік қамауда отырған.

Іс материалына қарағанда, бұл жолы билік Ескендірованы 12 маусымда жергілікті әкімдіктің келісімінсіз митингіге қатысты деген айып таққан.

— Ескендірова Оралдағы "Қазақ халқының даңқты қыздары" ескерткішінің алдындағы алаңға "Репрессиялар тоқтатылсын!" деген плакат ұстап шығып, үкіметке наразылығын білдірген, – деді белсендінің үстінен қозғалған іс материалын оқыған судья Ернар Халықов.

Ол 12 маусымда өткен митингіге қатысушылардың бейбіт жиын өткізетіні жайлы хабарлама тапсырғанын, бірақ билік оған келісім бермегенін айтты. Ол жолы әкімдік коронавирус инфекциясының таралуына байланысты қалада қиын эпидемиологиялық жағдай қалыптасқанын алға тартқан.

Маруа Ескендірова өзіне тағылған айыпты мойындамады. Белсенді сол жолғы митингіге аз адам жиналғанын, санитарлық талап бұзылмағанын айтады. Ескендірованың адвокаты Розалия Қалиева Конституция азаматтардың бейбіт митингіге шығу құқығына кепілдік беретінін айтты. Бірақ сот қорғаушының уәжін назарға алмай, Маруа Ескендірованы 10 тәулік әкімшілік қамауға алуды бұйырды.

Маруа Ескендірова бұған дейін Орал қаласында бірнеше рет наразылық акциясын ұйымдастырып, өзі қатысқан. Билік оны бірнеше мәрте ұстап, әкімшілік сотқа тартқан. Өткен айда Маруа Ескендірова Нұр-Сұлтан сотының "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы мен "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп тану туралы шешімінің күшін жоюды, қудаланған белсенділерді босатуды талап еткен белсенділермен бірге аштық жариялаған. Наразылық акциясының бесінші күні Ескендірова денсаулық жағдайы нашарлаған соң аштықты тоқтатқан, екі күннен кейін сот оны әкімшілік қамауға алған.

"Көше партиясы" мен "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тану туралы сот шешіміне қарсы бірнеше қалада белсенділер аштық акциясын өткізген. Алматыдағы аштық акциясы 16 күнге жалғасты. Оған қатысушылар "үнімізді ел естіді" деп мәлімдеген. Билік аштық акциясына ешқандай реакция білдірген жоқ.

  • 2020 жылғы мамырда астананың Есіл аудандық соты "Көше партиясын" "экстремистік ұйым" деп танып, тыйым салды. Осылайша сот бұған дейін, 2018 жылғы наурызда астаналық Сарыарқа соты "экстремистік ұйым" деп танып, тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы атауын өзгертіп, "Көше партиясына" айналды деп санайтын Бас прокуратураның өтінішін қанағаттандырды. Тіркелмеген ҚДТ қозғалысын қазір Францияда тұрып жатқан қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған. Белсенділер "Көше партиясы" – дербес, тәуелсіз ұйым дейді. ҚДТ мен "Көше партиясына" тыйым салу туралы сот шешімдері еш жерде жарияланған жоқ. Еуропарламент бұл екі ұйымды да "оппозициялық бейбіт қозғалыс" деп атайды. Құқық қорғаушылардың есебі бойынша, Қазақстанда 300-ге тарта адам ҚДТ мен/немесе "Көше партиясына" қатысы бар, болмаса экстремистік топ құрған немесе оған қатысқан деген күдік немесе айыпқа ілініп, тергеуге алынған не сотталған. Қазақстанда авторитарлы билік жүйесін өзгертіп, парламенттік республикаға өтуді мақсат тұтатын қозғалыс жақтастары билік өздерін саяси көзқарасына бола қудалап жатқанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG