Accessibility links

 
"Ақшаны өзге мақсатқа жаратқан". Семейдің ірі кәсіпорындары қарызға қалай батты?

"Ақшаны өзге мақсатқа жаратқан". Семейдің ірі кәсіпорындары қарызға қалай батты?


Семей ет комбинаты кәсіпорны ғимараты. Шығыс Қазақстан облысы, 13 наурыз 2021 жыл.
Семей ет комбинаты кәсіпорны ғимараты. Шығыс Қазақстан облысы, 13 наурыз 2021 жыл.

Шығыс Қазақстан облысындағы екі ірі өндірістік кәсіпорын – Cемей ет комбинаты мен "Қазақцемент" зауыты миллиардтаған қарызға батып, жылдар бойы қызметкерлеріне жалақы төлей алмай келеді. Аталған екі компанияны да бұрын парламент депутаты болған, Forbes журналында жарияланған ең бай қазақстандық кәсіпкерлер тізіміне енген өңірдегі ең дәулетті адам басқарған.

Қараусыз қалған аумақ. Қабырғалары ескірген бос ғимараттар. Жабық тұрған қақпаның үстіндегі "Семей ет комбинаты. Ең үздік дәстүр бойынша" деген жазудың өңі кете бастаған. Қазақстандағы тағам өндірісінің бетке ұстар кәсіпорны (бұл жерде жасалған консервіленген ет, шұжық және өзге де жеңсік ет өнімдері СССР аумағына ғана емес, шетелге де шығарылған; Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өнімнің бәрі майданға жіберілген) болған комбинат қазір жұмыс істемейді. Құрылғыларға пломба салынып, әкімшілік ғимараттың сыртына "Карантинге жабылды" деген жазу ілінген.

Семей ет комбинатында 10 жыл еңбек еткен Бақыт Есалова бір жылдан астам уақыт бойы жалақысын күтіп, 2020 жылы желтоқсанда жұмыстан шығып кеткен.

Қазір Семей ет комбинаты жабық тұр. Шығыс Қазақстан облысы, 13 наурыз 2021 жыл.
Қазір Семей ет комбинаты жабық тұр. Шығыс Қазақстан облысы, 13 наурыз 2021 жыл.

– 2019 жылдан бастап жалақы төлемеді. Еңбекақымызды сегіз-тоғыз айға дейін кешіктіретін. Бірінші рет компанияны сотқа беріп, жалақымызды алдық. Осыдан кейін "Енді ақшамызды уақытылы береді" деп ойладық. Бірақ бұл жағдай тағы да қайталанды, – дейді комбинаттың бұрынғы қызметкері.

1934 жылы ашылған комбинат СССР тараған кезде жабылып, 2000 жылдардың соңында қайта іске қосылған. 2008 жылы ақпарат құралдары кәсіпорынға 1,2 миллион еуро тұратын австриялық құрал-жабдық әкелініп, модернизация жүріп жатқанын, бұл өндіріс қуатын арттыруға көмектесетінін жазған. Бірақ қазір комбинат тағы да банкрот болудың алдында тұр.

АЛПАУЫТ КӘСІПОРЫННЫҢ "ТОҚЫРАУЫ"

Ет комбинатындағы жұмысы үшін жалақысын ала алмай жүрген адамдар ақпарат құралдарына хабарласып, компания басшылығымен сөйлесіп көруге тырысқан. Бірақ олардың шағымына не директор, не құрылтайшылар жауап бермеген.

– Қайда барып, кімнен сұрайтынымызды білмейміз. 2019 жылдан бері бәрі жабылып, пломба салынып, жұмыс істемей тұр. Нақты бір басшымыз жоқ: бүгін біреуі, ертең екіншісі келеді. Кімге барып шағым айтарыңды білмейсің. Комбинат жұмыс істемеді, кәсіпорын аумағы мен кеңселер қаңырап бос қалды. Тек біз және күзетшілер ғана отырдық, – дейді Бақыт Есалова.

Азаттық тілшісі комбинат басшылығымен сөйлесуге бірнеше рет талпынып, ақырында директордың міндетін атқарушы Нұрбол Тұрғановпен сөйлесуге мүмкіндік алды. Ол 2020 жылдың 25 желтоқсанынан бастап мүлікті кредиторларға тапсыру үшін комбинат директоры қызметіне тағайындалған.

Семей ет комбинатының әкімшілік ғимараты.
Семей ет комбинатының әкімшілік ғимараты.

– 2017 жылы RBK банкі кәсіпорынның есеп айырысатын барлық шотын бұғаттаған. Сөйтіп кәсіпорын жұмысы тоқтады. 2018 жылы қоймадағы өнімдерді өткізу арқылы кішкене табыс тауып, қызметін жалғастырды. Компания жұмысшылардың көбін ақысыз еңбек демалысына жіберіп, 22 адамды ғана қалдырды. Жыл сайын кәсіпорынды аяққа тұрғызуға тырысып көрді. Инвесторлар келді, бірақ барлығы да ақша құюдан бас тартты, – дейді Семей ет комбинаты директорының міндетін атқарушы Нұрбол Тұрғанов.

Шығыс Қазақстан облыстық ауданаралық мамандандырылған сотының дерегінше, ет комбинатының RBK банкі, аграрлық несие корпорациясы мен өзге де кредиторларға 1,1 миллиард теңге (қазіргі валюта бағамы бойынша шамамен 2,6 миллион доллар) қарыз, ал жалақыға берешегі – 72 миллион теңге. Сот шешімімен комбинат иелігіндегі мүліктің бір бөлігі қарызды жабу үшін RBK банкіне берілген. Бірақ сот материалдарына сәйкес, банк комбинаттың бюджет пен қызметкерлерге қарызын өтемеуіне қатысы жоғын айтқан.

Семей ет комбинаты әкімшілік ғимаратының есігі.
Семей ет комбинаты әкімшілік ғимаратының есігі.

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Нұрбол Тұрғанов әңгіме барысында кәсіпорынның несиені қайтара алмауына не себеп болғанын түсіндіре алмады.

– Семей сондай қала, бұл жақта ет комбинатының ғана емес, басқа алпауыт кәсіпорындардың да жұмысы тоқтады. Жүн өңдеу фабрикасы жоқ, шұға-жүн иіру комбинаты жоқ, тері зауыты да жоқ деуге болады. Бәрі үлкен кәсіпорын деп айтады. Бірақ Совет одағы тараған кезде ешкімде кәсіпорын жұмысын жүргізуге қажет ақша мен шикізат болмады. Жоспарлы шаруашылық жойылып, ет жеткізу тоқтады. Бұрынғыдай кәсіпорын болған жоқ. Кейін осы ет комбинатының орнынан кәсіпорын ашылып, 200-300 адам жұмыс істеді, өнім көлемі азайды, – дейді комбинат басшысы.

Сот комбинатты банкрот деп танудан бас тартқан, өйткені кәсіпорын өкілдері қаржы құжаттарын көрсетпей отыр.

Сот материалдарында "Борышкер ["Оңалту және банкроттық туралы"] заңның 11-бабы 2-тармағын бұзып, администратор мен сотқа қаржы-шаруашылық қызметіне борышкер иелігіндегі мүлік туралы ақпаратты берген жоқ. Борышкердің кепілге қойылған мүлкінен бөлек, басқа да мүлкі бар. Сол мүлікке қатысты шара қолданылмаған" делінген.

Нұрбол Тұрғанов Азаттық тілшісіне ет комбинатының құрылтайшылары Бауыржан Сексенбаев пен Сұлтанғали Байжұмановтың телефон нөмірін білмейтінін айтып, олармен байланысуға көмектесе алмайтынын жеткізді. Тұрғанов тілшімен жеке кездесуге келіскенімен уәделі күні байланысқа шықпай қойды.

"АҚША ЖОҚ"

Семей ет комбинаты құрылтайшыларын іздеу барысында Шығыс Қазақстан облысындағы басқа бір өндіріс орны – өңірге белгілі кәсіпкер, бұрынғы парламент депутаты Ерболат Әбсәлямовқа тиесілі "Өрнек XXI" кәсіпорнының еншілес компаниясы "Қазақцемент" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жайлы деректер табылды. Семей ет комбинаты құрылтайшысы Сұлтанғали Байжұманов – "Өрнек XXI" компаниясы акционерлерінің бірі. Қазақстан қор биржасының 2008 жылғы құжатында Семей ет комбинаты мен "Қазақцемент" кәсіпорындарының "Өрнек XXI" компаниясымен байланысы бар заңды тұлғаларға тиесілі екені жазылған.

"Қазақцемент" кәсіпорнының қазіргі ахуалы ет комбинатындағы жағдайға ұқсайды, тек қарызы көп. Компанияның кредиторларға қарызы – 28 миллиард теңге. Оның негізгі бөлігі – Қазақстан даму банкінен алынған қарыз. "Қазақцементтің" жұмысшыларына жалақыға 300 миллион теңгеге жуық қарызы бар.

"Қазақцемент" компаниясының бұрынғы қызметкері Жеңіс Смаилов жұмысшылар жалақысын бір жылдан бері күтіп жүргенін айтады.

– 2019 жылдың қыркүйегінен бері жалақы берген жоқ. Ол кезде кәсіпорында 400 қызметкер істейтін. 2020 жылдың наурызына дейін жұмыс істедім, кейін ақысыз еңбек демалысына кеттім. Зауыт жұмысы тоқтап, бәрі тарап кетті. Кейін 2017 жылдан бері жалақымыздан әлеуметтік аударымдар мен зейнетақы жарнасы аударылмағанын білдік. "Ақша жоқ". Басшылықтың есеп-қисап бөлімі арқылы берген бар жауабы осы болды. Желтоқсанда барлық қызметкерге 50 мың теңгеден берді, болды. Қалалық және облыстық еңбек инспекциясынан көмек сұрадық. Олар бізді әрі-бері сандалтты. Адамдар шаршады, еш жерден көмек сұрағысы келмейді. Бас кеңсеге барып көрдік, ол жақта бәрі жұмыстан шығып кеткен. Екі апта бойы еңбек кітапшамды алып кете алмадым. Ешкім жоқ, кадр бөлімінің қызметкері жұмыстан шығу туралы арыз қабылдап, еңбек кітапшасын беру үшін ғана келеді. Директорды табу қиын. Оны ешқашан көрген емеспіз, – дейді Жеңіс Смаилов.

"Қазақцемент" бірнеше рет өзін банкрот деп жариялау туралы шешім қабылдауды сұраған. Бірақ сот пен кредиторлар кәсіпорынның төлем қабілеті бар деп есептейді.

2021 жылы 2 қаңтарда шыққан сот шешімінде "Кейінгі үш жылда борышкерде тұрақты табыс болған. Өндіріс қарқыны биыл ғана төмендеген. 2026 жылға дейін цемент жеткізу туралы құны 77 500 000 000 теңге болатын келісімшарты бар. Бұл кәсіпорынның қаржылық қызметі тұрақты екенін көрсетеді" деп жазылған.

Шығыс Қазақстан облыстық еңбек инспекциясы екі кәсіпорынның басшыларына қарсы қылмыстық іс қозғау туралы арыз берілгенін мәлімдеді.

– Прокуратураның тапсырмасымен Семей ет комбинаты мен "Қазақцемент" ЖШС компаниясында тексеру жүргізіліп, кәсіпорындардың жалақы бойынша қарызы анықталды. Одан бөлек, еңбек инспекциясы Семей ет комбинаты мен "Қазақцемент" ЖШС басшыларына қарсы қылмыстық іс қозғау туралы хат жіберді. Қазір қылмыстық іс қозғалып, ол Семей қалалық полиция басқармасының қарауында жатыр, – дейді Шығыс Қазақстан облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатов.

1934 жылы іске қосылған Семей ет комбинатының қақпасы қазір жабық тұр. Шығыс Қазақстан облысы. 13 наурыз 2021 жыл.
1934 жылы іске қосылған Семей ет комбинатының қақпасы қазір жабық тұр. Шығыс Қазақстан облысы. 13 наурыз 2021 жыл.

Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаменті Семей қаласындағы полиция бөлімінде Қылмыстық кодекстің 152-бабы 3-бөлімінде (Басқару функцияларын орындайтын адамның ақшаны өзге мақсаттарға пайдалануына байланысты жалақының толық көлемде және белгіленген мерзімде төленуін бірнеше рет кідіртуі) көрсетілген қылмыстық құқықбұзушылықтың белгілері бар іс қаралып жатқанын растады. Ақшаның қандай "өзге мақсаттарға" жұмсалғаны белгісіз. Полиция толық ақпарат беруден бас тартты.

2017 жылы Семей ет комбинаты мен "Қазақцементтегі" дағдарыспен бір уақытта "Өрнек XXI" компаниясында да қиындықтар басталған. Компания Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорына (қазақстандықтардың міндетті зейнетақы жарнасын жинап, құнды қағаздарға салатын қор) 611 миллион теңге қарыз болған. 2018 жылы Ұлттық банк компанияға тексеру жүргізіп, "Өрнек XXI" басшыларына қарсы "Аса ірі көлемде ақша жымқыру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бұған компания басшылығының БЗЖҚ берген облигациялық қарызды дұрыс мақсатта пайдаланбауы себеп болған. Қазір компания БЗЖҚ-ға 68 миллион теңге қарыз.

Бұрын қазақстандық KASE қор нарығының сауда тізімінде болған "Өрнек XXI" компаниясының құнды қағаздары қазір биржада жоқ. Биржа сайтында эмитенттің купон облигациялары бойынша дефолтқа ұшырағаны жазылған.

"Өрнек XXI" компаниясының басшыларымен байланысу мүмкін болмады. Азаттық тілшісі компания құрылтайшыларының бірі Дәулет Молдыбековке жазып көрді. Ол мессенджердегі хабарламаны оқығанымен, жауап бермеді. Артынан журналистің телефон нөмірін "қара тізімге" енгізіп тастады.

"Өрнек ХХІ" компаниясының иесі Ерболат Әбсәлямов 2019 жылы қазақстандық Forbes журналында жарияланған елдегі ең бай 50 кәсіпкердің бірі. Басылым оның байлығын 150 миллион доллар деп бағаланған. Журнал қыш блоктар мен кірпіш шығаратын "Өрнек ХХІ" компаниясына қоса Әбсәлямовтың "Қазақцемент", "Сарытас" (әктас, гипс пен бор өндірісі) кәсіпорындарында ірі үлесі бар деп жазған. Forbes журналындағы ең бай қазақстандықтардың былтырғы рейтингінде Әбсәлямов жоқ.

Бизнесмен Ерболат Әбсәлямовтың парламент депутаты болған кездегі суреті. 2011 жыл.
Бизнесмен Ерболат Әбсәлямовтың парламент депутаты болған кездегі суреті. 2011 жыл.

Азаттық Ерболат Әбсәлямовты немесе оның адвокаттарымен байланысуға тырысқанымен, ешқайсысын таба алмады. 2019 жылғы сот процесінде "Өрнек ХХІ" компаниясының мүддесін қорғаған заңгер қазір кәсіпорынмен байланысы жоғын айтты.

2019 жылы Нұр-Сұлтан соты Ерболат Әбсәлямов пен оның әйелінен, кәсіпкер басқаратын үш компаниядан (оның ішінде "Қазақцемент" кәсіпорны да бар) Қазақстан даму банкі пайдасына 15 миллиард теңге және 22 миллион доллар тәркілеуді ұйғарған. Соттың "Қазақцемент" ісі бойынша шығарған шешіміне сәйкес, Ерболат Әбсәлямовтың шоты бұғатталып, оған Қазақстан аумағынан шығуға тыйым салынған.

2005 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысына сапары барысында Әбсәлямов басқаратын "Қазақцемент" кәсіпорнына барған еді. Ақорда сайтындағы ақпаратта Әбсәлямовтың президентке "жол жиегіне төселетін тастар мен әрлеу материалдарын көрсеткені" жазылған. Сол жылы Әбсәлямов президенттік мерзімін тағы да ұзарту үшін сайлауға түсіп жатқан кандидат Назарбаевтың республикалық штабына мүше болған. Осыдан кейін Ерболат Әбсәлямовтың мансабы да жоғарлаған: 2007 жылы Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясының тізімі бойынша мәжіліс депутаты болып сайланған (ол парламенттің төменгі палатасында 2011 жылға дейін отырды), кейін Forbes тізіміне енген.

2005 жылы Назарбаев Семейге барғанда Ерболат Әбсәлямовтың цемент зауытындағы жұмысшылармен сөйлесіп, оларға "Жақсы жұмыс істеген адам жаман өмір сүрмейді" деген еді. Сондықтан қазір ет комбинаты мен цемент зауытында ұзақ уақыт еңбек еткен қызметкерлер жылдар бойы жақсы жұмыс істесе де, заң бойынша өзіне тиесілі ақшаны неге ала алмай жүргенін түсіне алмай отыр.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG