Accessibility links

 
"Бұл – қызға зат ретінде қарау". Шетелдікке күйеуге шыққан қазақ қызына салық салу дұрыс па?

"Бұл – қызға зат ретінде қарау". Шетелдікке күйеуге шыққан қазақ қызына салық салу дұрыс па?


Әйел құқығын қорғау шеруіне "Біз сендерге ойыншық емеспіз" деген жазу ұстап шыққан қыз. Алматы, 8 наурыз, 2023 жыл.
Әйел құқығын қорғау шеруіне "Біз сендерге ойыншық емеспіз" деген жазу ұстап шыққан қыз. Алматы, 8 наурыз, 2023 жыл.

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден "шетелдікке күйеуге шыққан қызға салық салу керек" деген ұсынысын парламентте көтеруге дайын екенін айтты. Депутаттың бұл сөзі қазақ қоғамында бұрын да айтылған шетін тақырыпты қозғап, қызу пікірталасқа түсті. Бір топ белсенді депутатты мандатынан айыру туралы петиция да жариялады.

"Қазақ қызы – елдің тұмары. Бұл тұмарды біз шетелге беріп, қалай отырамыз? Ұсынысым – шетелдіктермен некелескендерге салық салу". Бұл сөзді Қарақат Әбден былтыр президенттікке кандидат болған кезде телевизиялық дебатта айтқан еді.

Биыл наурызда өткен кезектен тыс парламент сайлауының ресми қорытындысы бойынша, "Ауыл" партиясының тізімі арқылы депутат болған Қарақат Әбден 5 сәуірде мәжіліс отырысының сыртында журналистерге "ұсынған идеямның бәрі жалғасын табады" деді. Депутаттың бұл сөзінен соң оның мәжілістен кетуін талап еткендер болды. Әбденнің ұсынысы дұрыс дегендер де біршама.

Қарақат Әбден (сол жақтан екінші) Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Нұрлан Әбдіровтен депутат куәлігін алып тұр. Астана, 28 наурыз, 2023 жыл
Қарақат Әбден (сол жақтан екінші) Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Нұрлан Әбдіровтен депутат куәлігін алып тұр. Астана, 28 наурыз, 2023 жыл

Ал 13 жыл бұрын шетелдік азаматқа күйеуге шыққан Айжан "егер депутат салық салғыш болса, әйеліне қол жұмсайтын еркектерге салсын" дейді.

Күйеуінің қызмет бабымен Таиландта тұрып жатқан Айжан 2010 жылы ұзатылу тойын Алматыда жасаған. Қазір күйеуімен екі қыз тәрбиелеп отыр. Ол Қазақстан билігі қыздардың шетелдікпен отасуына ешқашан тыйым сала алмайды деп есептейді.

– Бұл – адамның жеке құқығына, жеке шекарасына, қазақ қызының бас бостандығына тікелей қол сұғу. Егер бұл бастаманы жүзеге асырамыз десе, онда қыздарын оқытпай, шетелге шығармай, байлап-матап ұстасын. Ақиқатында Қазақстанда көп этнос өкілі тұрады. Баяғыдан бері олар бір-бірімен қыз алысып, қыз берісіп келе жатыр. Оған да тыйым салуы керек пе? – дейді ол.

"ҰЛТТЫҚ НАМЫСТЫ ҚЫЗДЫҢ МОЙНЫНА ЖҮКТЕП ҚОЯМЫЗ"

Халықаралық құқық магистрі Әйгерім Құсайынқызы да Қарақат Әбденнің шетелдіктермен некелескен қазақ қыздарына салық салу ұсынысы адам құқығына қайшы екенін айтады және бастаманы "адамды заттандыру" деп есептейді. Заңгер депутат бастамасын арзан хайп деп те бағалайды.

– Ақиқатында адамның таңдауы, өмір сүру құқығы бірінші орында болуы керек. Қазақ қоғамында талқылауға жақын, кез келген адам талдай беретін тақырып – қыздың ары. Себебі біздің қоғамда қазақ қызының ары күн тәртібіндегі мәселе болып көрінеді, ұлттың болашағын қыздың арымен байланыстырады. Демек, аралас некеге тұрған қыздар ұлттың көбеюіне кері әсер етеді деп қабылдайды. Екіншіден, қоғамда қыздарды жекешелендіру, меншіктеу бар. Яғни қыз – сенің меншігің, оны шетелдік алмауы керек дейді. Бұл – қызды заттандыру, бұл қыздарға әлі де меншік ретінде қарайтынымызды көрсетеді. Бір қазақ қызы шетелдікке шықса, атойлап, тұтас ұлттың намысын сол қыздың мойнына жүктеп қоямыз, – дейді Құсайынқызы.

Әйел құқығын қорғау шеруіне қатысушы "Өз өмірім, өз таңдауым, өз еркіндігім" деген жазу ұстап тұр. Алматы, 8 наурыз, 2021 жыл
Әйел құқығын қорғау шеруіне қатысушы "Өз өмірім, өз таңдауым, өз еркіндігім" деген жазу ұстап тұр. Алматы, 8 наурыз, 2021 жыл

Әлеуметтік ғылымдар магистрі, елдегі адам құқығы тақырыптарын қозғап жүрген белсенді Бэлла Орынбетова Қарақат Әбденнің ұсынысы әйелдің отбасылық статусын алалау деп біледі.

– Бұл ұсыныс – адам құқығын шектеу, адамды жынысына, азаматтығына, отбасындағы статусына қатысты алалау. Екіншіден, бұл қазақ қоғамындағы әйел құқығы проблемасын, жарасын көрсетеді. Шындап келгенде, бұл ұсыныс – өте аянышты жағдай. Әйел зорлау бізде жылдан-жылға көбейіп келеді. Оған әйел беделін түсіретін осындай инфлюенсерлердің де кінәсі бар. Ал қазақ қызы шетелдікке күйеуге шығып, бағын тапса, мұны қабылдай алмайды, – дейді ол.

"ӘРБІР АЗАМАТТЫҢ СҰРАУЫ БАР"

Қоғам талқысынан соң Қарақат Әбден Facebook-тегі парақшасында "халық үніне құлақ асатын мемлекетте өмір сүріп жатқанын" айтып, сөзін түсіндірмекке пост жариялады.

"Сайлау науқаны кезінде бұл бастама ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, патриотизмді нығайтуға бағытталған шара ретінде ұсынылды. Депутаттық қызметім барысында да бастамаларым жалғасын таппақ. Бірақ жан-жақты қарастырылмаған ұсыныстарды мәжіліс төрінде көтермеймін. Депутат көтеретін кез келген бастама ғылыми сараптамаға және әлеуметтік зерттеулерге сүйенуі керек" деп жазды ол.

Қазақ қыздарының өзге этнос өкілімен отбасын құруы – қазақ қоғамында жиі талқыланатын тақырып. Бірнеше жыл бұрын көшеде этносы басқа азаматпен қол ұстасып жүрген қазақ қыздарын қуалап, видеоға түсіру, оны әлеуметтік желіге жариялау оқиғалары болған. Қазақ қоғамындағы қыздардың шетелдіктерге күйеуге шығуына қарсылық білдірушілер өз әрекетін "ұлтты сақтап қалудың бірден-бір жолы" деп түсіндіреді. Шетелдіктермен тұрмыс құрған қыздар тақырыбы парламентте де алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. 2012 жылы сенат депутаты Жабал Ерғалиев парламентте қазақ қыздарының шетелге шығуын шектеу керегін айтқан.

Биыл "Аманат" партиясының тізімі арқылы мәжіліске депутат болған айтыскер ақын Ринат Зайытов әріптесі Қарақат Әбденнің бастамасын "ұлт тұрғысынан қарасақ, дұрыс та шығар" дейді. Ол "қазақ ұлтын, қазақ мемлекетінің адамын сақтау жолында жасалған қадамдарды қолдайтынын" айтады. Зайытов "қазақта қыз алғанда қалыңмал беру бұрыннан бар" деп, шетелдіктерге салық салу қалыңмал төлеу дегенге меңзеді.

– Егер шетелдікке шығып жатқан адам болса, мемлекеттің хақысы да бар шығар. Қазақстандағы әрбір азаматтың сұрауы бар ғой. Сондықтан қазір өзіміздің демографиялық жағдайды жақсарту мақсатында, яғни ұлт тұрғысынан қарайтын болсақ, [шетелдікке шыққан қызға салық салу] дұрыс шығар. Ал мемлекет тұрғысынан қарайтын болсақ, адам құқығы деген нәрсені қарсы уәж ретінде қоюға болады, – дейді ол.

Ал депутат Ерлан Сайыров "Бұл жерде адам құқығы мәселесі бар шығар. Оны заң жүзінде қарастыру керек" деп қысқа қайырды. "Ауыл" партиясынан депутат болған Жұлдыз Сүлейменова "Әбденнің ұсыныстары заң жобасына норма не депутаттық сауал ретінде рәсімделсе, нақты механизмдерін талқылауға не басқа да пікір айтуға дайынмын. Әзірге айтылған ұсынысына бейтарап позиция ұстанамын" деді.

Қарақат Әбден бұған дейін де қазақ қыздарына қатысты шулы пікірімен қоғам назар аударған. Мәселен, ол 2019 жылы жарыққа шыққан "Сен қазақ қызысың. Мақтан тұт" деген кітабында "қазақ қызының миссиясы – ана болу, ұлт тағдыры қазақ әйеліне бағынышты" екенін айтқан. Оның бұл кітабы да феминистер мен басқа да белсенділердің қарсылығына ұшыраған. Кітапты сынағандар "қазақ қызының міндеті – бала тауып, үйде отыру емес, оның білім алуға, тұлға болып қалыптасуына құқығы бар" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG