Accessibility links

 
Украинада қаза тапқан ресейлік сарбаздың отбасы "қара қағаз" алды

Украинада қаза тапқан ресейлік сарбаздың отбасы "қара қағаз" алды


Украинада қаза тапқан ресейлік жауынгер Максим Ханыгиннің анасы Людмила Ханыгина.
Украинада қаза тапқан ресейлік жауынгер Максим Ханыгиннің анасы Людмила Ханыгина.

Мәскеу жариялаған ресми мәлімет бойынша, Ресей 24 ақпанда Украинаға соғыс ашқалы бері 500-ге жуық ресейлік жауынгер қаза тапқан. Украина билігі өлген ресейліктер саны бұдан әлдеқайда көп дейді. Ресей халқына Украинаға кеткен туысының қаза тапқаны туралы "қара қағаз" келе бастады. Қазір Украинада 100 мыңнан астам ресейлік сарбаз жүр. Олардың тағдырына алаңдаған Ресейдегі отбасы әр күнді үреймен өткізеді.

Қар басқан ауыл зираты басында мүлгіген тыныштық орнаған. Орталық аллеяның аяғындағы қайыңның түбінен жас қабір қазылыпты. Үстін целлофанмен жауып қойған.

Бұл қабірді Саратов облысы Озерное ауылында туып-өскен Максим Ханыгинді жерлеуге дайындап қойған. Бірақ оның сүйегі ауылға әлі жеткізілген жоқ. Ресей мен Украина арасындағы соғыс аяқталмайынша келмеуі де мүмкін.

Максим Ханыгин 24 ақпанда таңертең, Ресей Украинаға шабуыл бастағаннан кейін қаза тапқан. Ресей армиясы қатарында мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген ол 22 жасқа толуына бір күн қалғанда Отанынан тыс жерде көз жұмды.

"Жұрттың бәрі "Қашан? Қашан?" деп сұрайды" дейді Максимнің әжесі Наталья Ханыгина немересін қай күні жерлейтінін білгісі келген көршілерінің сөзін қайталап.

"Қашан екенін өзіміз де білмейміз. Әскери комиссариат өкілі келіп кеткен. Жұртты дүрліктірмес үшін, арнайы операция аяқталмайынша немеремді әкелмейтіндерін айтты" дейді қария сөзін сабақтап.

Кейінгі тоғыз күнде мыңдаған әскери мен Украинаның бейбіт тұрғындарының өмірін жалмаған, ешқандай себепсіз басталған соғысты Ресейде "арнайы әскери операция" деп атайды.

Украинада қаза тапқан Максим Ханыгиннің туған ауылындағы қабірі.
Украинада қаза тапқан Максим Ханыгиннің туған ауылындағы қабірі.

Кейінгі сегіз жылда Сирия мен Украинаның шығысында ресейлік азаматтардың қазаға ұшырауы қоғамның назарын аударатындықтан, президент Владимир Путиннің үкіметі ондайда жерлеу шарасы дабыра болмай, ың-шыңсыз өткенін қалайды. Украинаға кең көлемді әскери басқыншылық бастар алдында Мәскеу, айғақ-дәлелдің көптігіне қарамастан, Донбаста Ресей әскері жоқ деп үзілді-кесілді мәлімдеген.

Ресей армиясы өткен аптада Украина қалаларын атқылауды бастағаннан кейін қанша сарбазы қаза тауып, қаншасы жараланғанын бірнеше күн бойы айтпай, үнсіз отырды. Тек 2 наурызда Ресей қорғаныс министрлігі 498 жауынгері өлгенін хабарлады. Ресми мәлімет бойынша, 1597 ресейлік сарбаз жараланған.

Украинаның ресми адамдары соғыс барысында қаза тауып, жараланған ресейлік әскерилер саны тоғыз мыңнан асады дейді. Қазір бұл деректі анықтау мүмкін емес. Ресейде орналасқан Conflict Intelligence Team (CIT) тобы ашық дерек көздерінен алынған мәліметтерді талдай келе, соғыста 700-ге жуық ресейлік өлген дейді.

"Бірақ бұл қаза тапқандар одан көп емес деген сөз емес. Олар бір мың да, екі мың да болуы мүмкін" дейді Азаттықтың Солтүстік Кавказ редакциясына CIT сарапшысы Руслан Левиев.

Украина қанша сарбазы қаза тапқанын әлі айтқан жоқ, бірақ 2 наурызда Украина үкіметі Ресей шапқыншылығы басталғалы бері екі мыңнан астам бейбіт тұрғын опат болғанын хабарлаған.

"ҚАРА ҚАҒАЗ" ЖИІ КЕЛЕ БАСТАДЫ

Максим Ханыгиннің отбасы әскердегі ұлының қаза болғаны жазылған "қара қағазды" 25 ақпанда алған. Алдымен аудандық әскери комиссариат бастығы жауынгердің анасы Людмила Ханыгинаға телефон соғып, суық хабарды естірткен.

Максим Ханыгиннің отбасына келген "қара қағаз".
Максим Ханыгиннің отбасына келген "қара қағаз".

– Жұма күні кенже немерем Фёдор жүгіріп келіп: "Әже, тезірек біздің үйге жүр! Анам құлап қалды! Біздің Максимді өлтіріпті!" деп айғай салды, – дейді Наталья.

Кейінірек отбасына Максим Ханыгинның қаза болғаны жайлы хат келді.

Келесі күні суық хабарды бүкіл ауыл естіді. Ауылдастары қаралы отбасына қаржылай көмектесіп, азагүл жасауға тапсырыс берген. Людмила жұмыс істейтін ауылшаруашылығы кәсіпорны директоры зираттан орын алуға жәрдемдесіп, крест орнатуға келісіп, ақшасын төлеп қойыпты.

Украинаға соғысқа кетіп қаза тапқандар туралы хабарлар Ресейдегі ауыл-қалаларға келіп жатыр.

Татарстандағы Нижнекамск қаласында тұрған ресейлік сарбаз Елнұр Сибғатуллин 26 ақпанда Украинада қаза болды. Оның сүйегін 2 наурызда ұшақпен жеткізді. Марқұмды мұсылман салт-дәстүрі бойынша сол күні жерледі.

3 наурызда ардагерлер тобы Украинадағы Мариуполь қаласының түбінде Ресейдің ең танымал, тәжірибелі офицерлерінің бірі генерал-майор Андрей Суховецкийдің мерт болғанын хабарлады.

Сол күні Новосибирск облысы губернаторы Андрей Травников сол өңірден шыққан екі әскери қызметкердің қаза тапқанын растады.

2 наурызда Астрахан облысы билік орындары Ватажное аулының тумасы, 31 жастағы Әли Батыровтың Украинада қазаға ұшырағанын Instagram желісінде хабарлады. Майор шеніндегі әскери қызметкер бұған дейін Сириядағы соғысқа да қатысып, марапатталған.

Сол күні Ресейдің Буриятия аймағындағы Селенг ауданының ресми өкілдері сол жердің тумасы лейтенант Илья Семеновтың Украинада қаза тапқанын хабарлады. Семенов те Сириядағы соғысқа қатысқан. Ресей 2015 жылдан бастап Сириядағы Башар Асад үкіметіне әскери қолдау көрсетіп жатыр.

1 наурызда Астрахан облысы губернаторы Игорь Бабушкин осы өңірдің тумасы, ұлты қазақ Арман Нарынбаевтың Украинада мерт болғанын растады.

"Фанатиктер емес". Украинадағы соғыста этникалық қазақ қаза тапты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:29 0:00

Солтүстік Кавказ республикаларының шенеуніктері онға жуық әскери қызметкердің қаза болғанын хабарлады.

Татарстандағы ауылда тұратын Галина Зиновьева әскерде жүрген 21 жастағы ұлы Максим 28 қаңтарда Беларусь еліне жаттығуға кетіп бара жатқанын айтқаннан кейін одан ешқандай хабар болмағанын айтады. Максим Украинаның солтүстігіндегі көрші елдегі жаттығу аяқталған соң, 20 ақпанда өз әскери бөлімшесіне оралуы тиіс болған. Ресей Украинаға басқыншылық жасаған кезде Беларусь жерін плацдарм ретінде пайдаланды.

"Қазір біз әрі-сәрі күйде отырмыз, – дейді Галина Зиновьева. – Максим қай жерде жүр? Бізге неге хабарласпай қалды?"

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG